1Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің рухани балаларысыңдар. Сондықтан өлгендерді жоқтағанда денелеріңнің терісіне жарақат салмаңдар, кекілдеріңді алмаңдар!
2Себебі сендер Құдай Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар. Жер бетіндегі барлық халықтардың ішінен Жаратқан Ие сендерді Өзінің ерекше құнды меншігі болуға таңдап алды.
3Ешбір арам нәрсені жемеңдер!
4Мына жануарларды азық етулеріңе болады: мүйізді ірі қара, қой, ешкі,
5бұғы, киік, елік, жабайы ешкі, таутеке, бөкен, арқар.
6Тұяғы екіге бөлінген аша тұяқты, күйіс қайыратын кез келген жануардың етін жеулеріңе болады.
7Бірақ күйіс қайыратын немесе аша тұяқты хайуандар арасынан сендерге түйенің, қоянның және майбасардың етін жеуге болмайды. Олар күйіс қайырғанмен, тұяқтары аша емес, сол себепті олардың еті сендер үшін арам.
8Ал шошқа аша тұяқты болғанмен, күйіс қайырмайды. Сондықтан ол да сендер үшін арам. Осы хайуандардың не етін жеулеріңе, не өлімтігіне жанасуларыңа болмайды.
9Суды мекендейтін мақұлықтардың қайсыларында қанаттары мен қабыршақтары бар болса, соларды азық етулеріңе болады.
10Ал егер қанаттары мен қабыршақтары болмаса, жеулеріңе болмайды, сондайлар сендер үшін арам.
11Кез келген адал құсты жеулеріңе болады.
12Бірақ мыналарды жемеулерің керек: бүркіт, күшіген, тазқара,
13қызыл кезқұйрық, қара кезқұйрық, сұңқардың кез келген түрін,
14қарғаның кез келген түрін,
15түйеқұс, батпақ жапалағы, шағала, қаршығаның кез келген түрін,
16байғыз, құлақты жапалақ, ақ үкі,
17бірқазан, тұйғын, суқұзғын,
18ләйлек, құтанның кез келген түрін, бәбісек және жарқанат.
19Қанаты бар құжынаған барлық жәндіктер де сендер үшін арам, оларды жемеңдер!
20Ал қанаты бар адал құстар мен жәндіктердің кез келгенін жеулеріңе болады.
21Арам өлген ешқандай жануарды жеулеріңе болмайды! Оны не елді мекендеріңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жеуге беруге, не шетелдікке сатуға болады. Себебі сендер Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті халықсыңдар.
Лақты енесінің сүтіне пісірмеңдер!Өнімнің он бөлігінің бірін Құдайға бағыштау
22Жыл сайын егістіктеріңде жиналатын өнімдеріңнің он бөлігінің бірін жеке бөліп алып қойыңдар.
23Астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының өнімінің он бөлігінің бірін және мүйізді ірі қара әрі ұсақ малдарыңның алғаш туған төлдерін Құдайларың Жаратқан Ие өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайындайтын орынға апарыңдар. Олардан Жаратқан Иенің алдында тамақ дайындап, ішіп-жеңдер. Осылай сендер Құдай Иемізді әрдайым терең қастерлеуді үйренесіңдер.
24Бірақ егер Құдайларың Жаратқан Ие сендерді жарылқап, өнімдеріңнің он бөлігінің бірін Жаратқан Иенің өз есімінің жер бетіндегі тұрағы болуға тағайындайтын орынға апару үшін тым алыс болса,
25онда он бөлігіңнің бірін сатып, түскен күмісті сол жерге апарыңдар.
26Сонда сендер сол күміске қалаған нәрселеріңді: мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жүзім шырыны, ашытылған сусын немесе басқа қалағандарыңды сатып ала аласыңдар. Осы азық-түліктен сол орында, Құдай Иенің алдында отбасыларыңмен бірге қуана ішіп-жеңдер.
27Елді мекендеріңде тұратын леуіліктерді ұмытпай қамқорлаңдар. Себебі оларға араларыңда мұралық жер үлестірілген жоқ.
28Әрбір үш жыл сайын, сол жылғы өніміңнің он бөлігінің бірін қалаларыңның ішіне алып барып, арнайы жерге жинап қойыңдар.
29Осылайша араларыңдағы мұралық жер үлестері жоқ леуіліктер әрі жат жұрттықтар мен жетім-жесірлер келіп, соны жеп, тойынуларына болады. Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сендерді қолға алған барлық іс-әрекеттеріңде жарылқайды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.