Патшалықтар 2-ж. 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Дәуіт патшаның жеңістері

1Біраз уақыт өткеннен кейін Дәуіт філістірлерге шабуыл жасап, оларды өзіне бағындырды. Содан ол елдерінің басты қаласын філістірлердің қолынан тартып алды.

2Дәуіт моабтықтарды да жеңді. Оларды жерге жатқызып, арқанмен өлшеді. Арқанның екі рет өлшеуімен алынғандар өлімге кесіліп, толық бір рет өлшеумен алынғандар тірі қалды. Сонымен моабтықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды.

3Бірде Дәуіт Евфрат өзенінің жағасындағы билігін қалпына келтіруге аттанып, Соба елінің патшасы Рехоб ұлы Ададәзерге шабуыл жасап, оны жеңіп шықты.

4Сонда Дәуіт оның бір мың жеті жүз аттылы және жиырма мың жаяу жасақшысын қолға түсірді. Дәуіт жаудың соғыс күймелеріне жегілетін барлық жылқылардың тілерсектерін қиып тастап, жүз соғыс күймесіне жетерлік аттарды ғана аман қалдырды.

5Соба патшасы Ададәзерге дамаскілік сириялықтар көмекке келген кезде Дәуіттің жасағы олардың жиырма екі мың жауынгерін қырып салды.

6Содан Дәуіт Дамаск қаласы мен оның айналасына өз қарауылдарын орналастырды. Осылай арамалықтар Дәуітке құлдық ұрып, оған алым-салық төлейтін болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды.

7Дәуіт Ададәзердің нөкерлерінің алтын жалатқан қалқандарын жинап, Иерусалимге алып келді.

8Ададәзердің қол астындағы Бета мен Беротай деген екі қаладан Дәуіт патша өте көп мөлшерде қола олжалап алды.

9Хамат патшасы Тоу Дәуіттің Ададәзердің бүкіл әскерін жеңгенін естігенде,

10өз ұлы Жорамды Дәуіт патшаға жіберіп, жеңісімен құттықтаған сәлемін жолдады. Себебі Ададәзер Тоу патшамен жауласып жүрген болатын. Жорам Дәуітке күміс, алтын, қоладан жасалған бұйымдарды ала келіп, сыйға тартты.

11Дәуіт патша осы заттарды Жаратқан Иеге бағыштады. Ол бұрынырақ жеңген барлық елдерден:

12Едом, Моаб, аммондықтар, філістірлер және амалектіктер елдерінен алынған күміс пен алтынды, әрі Соба патшасы Рехоб ұлы Ададәзерден түскен олжаны да осылай Жаратқан Иеге арнаған болатын.

13Осылай Дәуіттің атағы кеңінен жайылды. Сол жорықтан қайта оралған соң, ол Тұзды аңғарда он сегіз мың едомдықты жеңіп шықты.

14Дәуіт Едом еліне қарауылдарын орналастырып, халықтың барлығы оған бағынышты болды. Дәуіт қайда барса да, Жаратқан Ие оны қолдап-қорғап, жеңіске жеткізіп отырды.

Патшаның уәзірлері, нөкерлері және патшазадалары

15Дәуіт бүкіл Исраилге билік жүргізіп, күллі халықтың арасында заңдылық пен әділдікті жүзеге асырды.

16Сарұяның ұлы Жоғаб — әскер қолбасшысы, Ахилуд ұлы Жосапат — уәзір әрі жылнамашы,

17Ахитұб ұлы Садық пен Абиятар ұлы Ахимәлік — діни қызметкерлер, Серая — хатшы,

18әрі Еходай ұлы Бенаях — кереттік және пелеттік ұлан бөлімдерінің қолбасшысы болды. Дәуіттің ұлдары да патшаның қызметінде тұрды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help