1Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие жерді ойрандап, құнарсыз қылмақ! Ол жер бетінің күл-талқанын шығарып, тұрғындарын шашыратып жібермек.
2Бәрінің басына түскен жағдай бірдей болады: не қарапайым халық, не діни қызметкер болсын, не құл-күң, не қожайыны болсын, не сатып алушы, не сатушы болсын, не жалға алушы, не жалға беруші болсын, не қарыз алушы, не қарыз беруші болсын: барлық адамдардың тағдыры бірдей болады.
3Сонда жер беті түгелдей қаңырап, тоналады. Жаратқан Ие осы сөздерді нық айтты.
4Жер құрғап кеуіп, бүкіл дүние әлсіреп, солып қалады. Жердің жоғары мәртебелі адамдары да әлсіремек.
5Адамдар Құдайдың заңы мен ережелерін бұзып, Оның мәңгілікке жасаған Келісіміне опасыздық жасауларымен жерді арамдады.
6Сондықтан да қарғыс жерді жалмайды. Оның тұрғындары өз кінәларының жазасын тартып, отпен жойылады. Аздаған адамдар ғана тірі қалады.
7Жүзім бұталары кеуіп кетіп, шырыны азаяды. Бір кезде сауық-сайранға салынып көңіл көтергендер енді қайғырып күрсінетін болады.
8Даңғыра мен жетігеннің көңілді үндері мен ермекке салынғандардың у-шуы басылып қалған.
9Енді олар әндетіп шарап ішіп отырмайды, сыраның дәмі де ішкендерге тым ащы көрінбек.
10Қаңыраған қала талқандалған, әрбір үй бекітіліп, ешкім кіре алмайды.
11Көшедегі адамдар шараптың жоқтығынан шулайды. Шаттық түңілумен алмасқан, қуаныш жер бетінен ғайып болған.
12Қала қиратылып, қаңырап, қақпалары да құлап қалған.
13Бүкіл жер бетіндегі халықтар, міне, осындай жағдайға ұшырайды. Бұл жайт жұрттың зәйтүн ағашын соғып шайқалтып, жемістерін жинағанына, әрі жүзім бұтасындағы жүзім шоқтарының үзіліп алынып, біразы ғана қалған кезге ұқсайды.
14Ал осы жазадан аман қалғандар көңілді ән салмақ, олар батыс жақтан Жаратқан Иенің ұлылығын паш ететін болады.
15Сондықтан, уа, шығыстағылар, сендер де Оны мадақтаңдар! Теңіз жағалауларын мекендеуші халықтар да, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің есімін дәріптеңдер!
16Әлемнің түкпір-түкпірлерінен біз: «Хақ Тағала даңқталсын!» деген әндерді естиміз.
Алайда мен былай деймін: «Әттеген-ай, сорлы басым, мен қасіретке қаламын! Сатқын сатқындығын, опасыз опасыздығын қаталдықпен жалғастыра береді».
17Уа, жер бетінің тұрғындары, сендерді күтіп тұрғандар: қорқыныш, ор әрі тұзақ!
18Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі.
Себебі «аспан қақпалары» айқара ашылып, жердің негізі сілкінеді!
19Жер жарылып, қақ айырылуда, жер сұрапыл сілкінуде!
20Жер мас адамдай теңселіп, дауылдағы лашықтай шайқалады. Жер өзінің бүлікшіл істерінің салмағынан төмен тартылады. Ол құлап, енді қайтып көтерілмейді.
21Сол кезде Жаратқан Ие аспанның заңғар биігіндегі күштілердің үлкен тобына және жер бетіндегі патшаларға назарын аударып, жазаларын тартқызбақ.
22Олар зындандағы тұтқындардай жиналып, бірге қамалады. Ұзақ қамалғаннан кейін олар Құдайдың назарына қайтадан ілігеді.
23Әлемнің Иесі Иерусалимдегі Сион тауында патшалық құрып, Оның нұрлы салтанаты халқының ақсақалдарына көрінеді. Содан ай абыржи қызарып, күн де ұялатын болады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.