1Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниеде жасалған әр түрлі зорлық-зомбылықты көрдім. Жапа шеккен бейшаралар көз жастарын төгіп жыласа да, оларды жұбататын ешкім жоқ екен! Қанаушылары зор күш-қуатқа ие, ал қаналғандарға жаны ашып, қолдайтын ешкім де жоқ болды!
2Сондықтан мен өлгендердің жағдайы әлі де өмір сүріп жатқандарға қарағанда жақсырақ екен деп түйдім.
3Ал мүлдем өмір сүрмегеннің жағдайы екеуінікінен де артық екен, өйткені ол осы дүниеде жасалып жатқан зұлым істерді еш көрген емес.
4Сонымен қатар мен мына жайтқа көз жеткіздім: пенденің еңбек етіп жетістікке жетуінің барлығы да адамдар арасында көре алмаушылықты тудырады. Бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
5«Ақымақ екі қолын қусырып, аштан өлер» дейді.
6Ал тыныштықпен алынған бір уыс дән жел соңынан қуғандай ауыр еңбекпен табылған екі уыстан артық.Достық пен бірліктің зор құндылығы
7Мен қайтадан көз салып, осы өткінші дүниедегі тағы мынадай бекершілікті байқадым:
8Кей адам жалғыз басты, не баласы, не ағайыны жоқ болса да, қолда барын қанағат етпей, байлығын молайту үшін тынбай ауыр еңбек ете береді. Ал кейін ол өзінен: «Мен кім үшін ауыр еңбек етіп, өмірдің қызығынан ада қаламын?» — деп сұрайды. Бұл да бекершілік әрі жанға бататын жайт.
9«Біреу болғаннан екеу болған жақсы». Себебі бірігіп жұмыс істессе, содан көретін пайдалары игі болады.
10Біреуі құласа, жолдасы сүйеп, тұрғызады. Алайда құлағанда сүйеніш болатын ешкімі жоққа қандай қиын!
11Сондай-ақ, егер екеу болып жатса, түнде тоңбайды. Ал жалғыз адам қалай жылынады?
12Біреу жалғыз адамды жеңсе де, екі адам оған қарсы тұра алады. «Үш қабат жіп оңай үзілмес».
Жоғары лауазымның бекершілігі13Қарт болғанмен ақылсыз, әрі берген кеңесті тыңдамайтын патшадан гөрі, кедей де болса ақылды жас артық.
14Оның тіпті түрмеден шығып, патшалық билікке ие болуы да, немесе сол патшалықта кедейлікте туған болуы да мүмкін.
15Осы дүниенің барлық адамдарының патшаның орнын басайын деп жатқан жастың соңынан ілесіп жүргендерін көрдім.
16Оның билік жүргізген халқы сансыз көп болды. Бірақ та кейінгі ұрпақ оған да риза болмады. Әрине, бұл да жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
Діндар болғансу не Құдайды терең қастерлеу17 Құдайдың киелі үйіне барғанда абайлап жүр! Жақындап, Құдайдың айтқандарын құлақ түріп тыңдай бер! Бұл өздерінің жамандық істеп жүргендерін ұқпайтын ақымақтардың құрбандық шалғандарынан әлдеқайда жақсы.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
