Аян 21 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдың өз халқымен бірге жаңа көк пен жерді мекендеуі

1Содан соң жаңа көк пен жаңа жерді көрдім. Себебі бұрынғы көк пен жер құрып кетіп, бұдан былай теңіз де болмады.

2Сонда мен көктен, Құдайдың қасынан түскен қасиетті қаланы: жаңа Иерусалимді байқадым. Ол күйеуінің алдынан шығуға безеніп киінген қалыңдықтай дайындалған еді.

3Көктегі тақтан былай деген зор дауысты естідім: «Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы тұрағы! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың Өзі солармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады!

4Ол барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды».

5Сонда тақта Отырған:

— Енді бәрін де жаңадан жаратамын, — деді. Ал маған қарап: — Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы! — деп қосты.

6Содан соң Ол былай деді: — Енді түгел орындалды! Алғашқы да Соңғы, Басы да Аяғы Менмін. Жаны сусаған әркімге шынайы өмірдің қайнар көзінен суды тегін ішкіземін.

7Жеңіп шыққан әркім осы игіліктердің бәрін иемденеді. Мен оған Құдай, ол Маған рухани бала болады.

8Алайда қорқақтар, сенімсіздер, зұлымдар, кісі өлтіргендер, азғындар, сиқыршылар, жалған тәңірге құлшылық етушілер және бүкіл өтірікшілердің алатын үлестері күкірт жанып тұрған отты көл болмақ. Бұл — «екінші өлім».Жаңа Иерусалимнің көрінуі

9Соңғы жеті пәлеге толы жеті тостағанды әкелген жеті періштенің біреуі қасыма келіп:

— Жүр, мен саған «Қалыңдықты» — «Тоқтының үйленетін әйелін» көрсетейін, — деді.

10Сонда періште мені Киелі Рухтың әсерімен биік те ұлы таудың басына алып шығып, маған қасиетті Иерусалим қаласын көрсетті. Ол көктен, Құдайдың қасынан түсіп,

11Оның нұрлы салтанатына кенелді. Қала өте құнды асыл тас іспетті, мөлдір тастай айқын яспис сияқты жалт-жұлт етіп жарқырап жатты.

12Оны өте биік қабырға қоршап, он екі қақпасында он екі періште тұрды. Қақпаларда Исраил халқының он екі руының аттары жазылған екен.

13Әр жақта үш қақпадан болды: шығыс, оңтүстік, солтүстік және батыста үшеуден.

14Қала қабырғасының он екі іргетасы да бар екен, оларға Тоқтының он екі елшісінің есімдері жазылыпты.

15Маған тіл қатқан періште қолына бір өлшеуіш алтын таяқты ұстапты. Осы таяқпен ол қаланы, оның қақпалары мен қабырғаларын өлшеп шықпақ болды.

16Қаланың ұзындығы мен ені бірдей төрт бұрышты болып салынған екен. Періште өлшеуіш таяғымен қаланы өлшегенде оның ұзындығы — он екі мың стади, ені мен биіктігі де дәл сондай болды.

17Періште қаланы қоршаған қабырғаны да өлшеп шықты, ол жүз қырық төрт шынтақ екен. Періште әдеттегі адамдар өлшемін қолданды.

18Қабырға яспистен, ал қаланың өзі мөлдір шыныға ұқсас саф алтыннан жасалыпты.

19Қала қабырғасының іргетастары әр түрлі асыл тастармен әшекейленген еді. Бірінші іргетасы яспис, екіншісі сапфир, үшіншісі агат, төртіншісі алмас,

20бесіншісі оникс, алтыншысы карнелиан, жетіншісі сары кварц, сегізіншісі изумруд, тоғызыншысы топаз, оныншысы хрисопрас, он біріншісі жақұт, он екіншісі аметист еді.

21Он екі қақпасы — он екі інжу-маржан: әр қақпа бір маржаннан жасалыпты. Қаланың даңғыл көшесі мөлдір шыныдай саф алтыннан салынған еді.

22Қаладан киелі үйді көрмедім. Себебі оның киелі үйі — бүкіл әлемнің Билеушісі Құдай Ие және Тоқты.

23Қалаға жарық түсіру үшін күн мен айдың да қажеті жоқ: Құдайдың нұрлы салтанаты оны жарқыратады, әрі Тоқты да — оның шам-шырағы іспетті.

24(Құтқарылған) халықтар оның нұрымен жүріп, жер бетінің патшалары салтанатты тарту-таралғыларын қалаға әкеліп тұрады.

25Қала қақпалары күн ұзағына жабылмайды, ешқашан түн де болмайды.

26Халықтар қымбат салтанатты сый-тартуларын әкеліп, құрмет көрсетеді.

27Ал арамдардың, жексұрын қылықтар жасап, жалған айтатындардың ешқайсысы да қалаға кірмейді. Тек Тоқтының «Мәңгілік өмір кітабында» есімдері жазылғандар ғана енетін болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help