Әйүп 24 - Киелі кітап(QazBi2010)

Әйүптің әлемдегі зорлық жайлы наразылығы

1Құдіреті шексіз Тәңір әділ сотын жүргізетін уақытын неге тағайындамайды? Оның адал қызметшілері осындай күндерді неге босқа күте беруі керек?

2Зұлым адамдар меже тастарын жасырын жылжытып (өздерінің жерін басқаның есебінен ұлғайтып алады). Олар мал ұрлап, өз жайылымдарында бағып жүреді.

3Жетімнің есегін айдап әкетіп, бейшара жесірдің өгізін алған қарызының кепілдігі ретінде тартып алады.

4Олар мұқтаж адамдарды жолдан итеріп шығарған, елдегі күллі жарлылар жасырынуға мәжбүр.

5Сондықтан кедейлер жабайы есектей иен даланы шарлап шығып, балаларына құла түзден тамақ іздейді.

6Олар басқа біреудің егістігінде қалған астық масақтарын жинап, зұлымның жүзімдігіндегі қалған-құтқанды теріп күндерін көреді.

7Түнде жамылғысыз жатады, суық болғанда жамылатын көрпелері де жоқ.

8Тауда жауған жаңбырдан үсті-басы су болып, панасыздықтан жартасқа жармасып тығылады.

9Зұлымдар тіпті бейшара жесірдің нәрестесін бауырынан жұлып алып, анасының алған қарызы үшін сәбиін кепілдікке ұстайды.

10Жарлылар сырт киімсіз жүруге мәжбүр, ашқарын кедейлер байдың астық бауларын тасуға тиіс болады.

11Сол бейшаралар зәйтүн жемістерін сығып, майын шығарады, бірақ оның дәмін тата алмайды. Жүзім таптап, шарап та жасайды, бірақ онымен шөлдерін қандыра алмайды.

12Қала ішінде ауыр жаралылар болып, өлім аузында жатқандар жалбарына үн қатады. Ал Құдай сондай жайттарға бөгет қоймайды.

13Зұлымдар жарық нұрға қарсы бас көтереді. Олар нұрдың ізгі жолын білмейді де, оның соқпақтарымен жүрмейді де.

14Кісі өлтіруші жауыз күн батқанда тұрып, жарлы-жақыбайларды өлтіреді, түнде ол ұрлық та жасайды.

15Өзгелер «Мені ешкім де көрмейді» деп, ымырт түсуін күтіп, жүзін бүркемелеп, басқа адамның күйеуі не әйеліне барып, неке адалдығын бұзады.

16Ұрылар түнекте қабырғасын қазып, үйлерге бұзып кіреді де, күндіз тығылып жатып алады. Олар нұрға еш жоламайды.

17Олар үшін қою түнек атқан таңның шұғыласындай қолайлы, қара түнектің үрейлері оларға досындай ұнайды.

18«Ондай адамдар су бетіндегі жаңқадай ғайып болады, олардың елдегі үлестерін қарғыс атқан, жүзімдіктеріне ешкім аяқ баспайтын болады.

19Ыстық пен аптап қар суын алып кететініндей, о дүние де күнә жасағандарды жоқ қылады.

20Өз аналары оларды ұмытып, жердің құрты оларды сүйсініп жейді. Оларды бәрі де ұмытып, зұлымдық жасаушылар сынған ағаштай құрып кетеді» (дейсіңдер).

21Ондайлар көмектесер баласы жоқ әйелдерге озбырлық көрсетеді, жесірлерге еш жақсылық жасамайды.

22Бірақ Құдай өз құдіретімен күштілерді де орындарынан тартып әкете алады. Олар тіпті орнығып алса да, өмірге деген берік үміті болмайды.

23Құдай сол мықтыларға бейқам тұруға жол бергенмен, оларды назарында ұстап тұрады.

24Зұлымдар аз уақытқа жоғарылатылса да, ақырында жоқ болып кетеді. Барлық басқалар сияқты олар да төмендетіліп, өлімге жетеленеді, әрі бидайдың піскен масағы сияқты орылады.

25Мені кім өтірікші деп әшкерелей алар еді? Кім айтқан сөзімнің құр бекер екенін дәлелдей алар еді?

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help