1Келіңдер, Жаратқан Иеге арнап
Әндетейік қуана-қуана жырлап,
Жартастай мықты Құтқарушымызға
Сиына берейік қатты дауыстап!
2Бәріміз Иеміздің алдына барып,
Ризашылығымызды білдірейік,
Ән-күймен де Оған мақтау айтып,
Даңқын Оның асыра берейік!
3Себебі Жаратқан Ие — ұлы Құдай дағы
Һәм ұлы Патша — бар «тәңір, пірден» тым жоғары!
4Бәрі Оның қолында: жердің тұңғиықтары,
Әрі меншігі Оның — зәулім тау шыңдары,
5Теңіз де Иеміздікі — Өзі соны жаратқан,
Құрлықтың барлығы да Оның қолынан шыққан!
6Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп,
Жаратушымыздың алдында тіземізді бүгіп!
7Себебі Өзі — біздің бірден-бір Құдайымыз,
Ал біз Оның бағып жүрген меншікті халқымыз
Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз.
Бүгін сендер Оның даусын естігенде,
8Мерібада істегендерің секілді
Қасарыстырмаңдар жүректеріңді:
Ежелде айдалада жүрген кезде
Масадағы бас көтергендерің іспетті
Қайтадан солай істемеңдер енді!
9Сендердің ата-бабаларың сол жерде
Көріп жүрсе де керемет істерімді,
Еркінсіп сынай берді төзімімді.
10Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым,
Сонымен былай деп қорыттым:
Жүрек қалаулары теріс бағыттағы
Осы халық тағылымымды қабылдамады!
11Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан:
«Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған
Елге кірмейді олар енді ешқашан!»
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
