Забур жырлары 90 - Киелі кітап(QazBi2010)

Алла Тағаланың панасында қауіпсіз болу

1Алла Тағаланың панасында тұрған адам

Құдіреттінің саясынан табады тыным.

2Мен Жаратқан Иеге былай дейтін болам:

Бас сауғалайтын панам әрі қорғаным,

Сенімімді Саған артам, уа, Құдайым!

3Хақ Тағала сені зұлымның тұзағынан

Әрі жойқын обадан сақтайды аман.

4Сені Өзінің «қанатымен» жауып алады,

«Қалқан мен қамалың» — Оның адалдығы,

Осылай өмірің қауіп-қатерсіз болады.

5Түнде сен қара түнек қорқынышынан,

Күндіз де қорықпайсың жау оғынан,

6Сескенбейсің түнгі індет-аурудан

Һәм тал түсте басыңа төнген апаттан.

7Қасыңда мыңдағандар қаза тапса,

Оң жағыңда он мыңдап қырылғанда,

Саған зақым жақындай алмайды да.

8Тек болып жатқанды көріп тұрасың,

Зұлымдардың жазаланғанын ұғасың.

9Сен Жаратқанға сенім артып келесің,

Алла Тағаланы панаң етесің,

10Басыңа енді жамандық түспейді,

Үйіңе ешбір апат та төнбейді.

11Періштелеріне Ол сен жайлы бұйрық береді:

Қай жолмен жүрсең де, олар сені қорғап күзетеді,

12Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін

Қолдарына көтеріп сені алып жүреді.

13Жас арыстан мен оқжыланды аяқпен таптайсың,

Үлкен арыстан мен абжыланды жаншып тастайсың.

14Себебі Жаратқан Ие былай деп айтқан:

«Өзімді сүйгенді Мен құтқарып аламын,

Өзімді мойындағанды қорғайтын боламын,

15Ол Маған сиынғанда құлақ саламын,

Азап шеккен кезінде оған жар боламын,

Аман-есен сақтап, құрметке бөлеймін.

16Ғұмырын ұзақ қылып риза етемін,

Құтқаруымды оған сыйлап беремін».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help