1«Ал сен, пендем, Гогқа қарсы Менің хабарымды жеткізіп былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Біліп қой, Мен саған қарсы шығамын, ей, Гог, Мешех пен Тұбалдың бас әміршісі!
2Сені кері айналдыра бұрып, Өзім белгілеген бағытқа қарай жетелеймін. Сөйтіп өзіңді солтүстіктің шалғай түкпірінен алып шығып, Исраилдің таулы еліне қарсы аттандырамын.
3Сонда сол қолыңнан садағыңды, оң қолыңнан жебелеріңді қағып түсіремін.
4Исраилдің таулы елінде сенің өзің мен қалың әскерің де, саған еріп келген халықтар да қырыласыңдар. Сендерді түрлі жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға жем қылып беремін.
5Осылай ашық далада құрисың. Өйткені бұны айтқан Менмін!» — деп нық айтады Жаратушы Тәңір Ие.
6«Мен Магогта және теңіз жағалауларында алаңсыз өмір сүріп жатқан одақтастарыңа жанған от жаудырамын. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
7Осылайша Мен Өзімнің қасиетті есімімді таңдаған халқым Исраилдің арасында паш етемін. Бұдан былай қасиетті есімімнің қорлануына жол бермеймін. Сонда барлық халықтар Менің Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы, екенімді білетін болады.
8Міне, Менің алдын ала айтқан сот күнім келе жатыр! — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие. — Сонда бұлардың бәрі де жүзеге асады!
9Сол кезде Исраилдің қалаларында тұрып жатқандар ашық далаға шығып, лақтырылған қару-жарақты жинап, отынға қолданып өртеп жібереді. Үлкен-кіші қалқандар, садақ пен жебелер, қол шоқпарлар мен найза атаулы жеті жылдық отынға жететін болады.
10Сол кезде олар не даладан отын іздемей, не орманнан ағаш шауып әкелмей, тек қару-жарақты отын ретінде жағады. Сөйтіп олар өздерін тонамақшы болғандарды тонап, өздерін олжаламақшы болғандарды олжалайды», — деп ескертеді Жаратушы Тәңір Ие.
Жойылған жау әскерінің жерленуі11«Сол күні Мен Гогтың Исраил елінде қабірге қойылатын орнын белгілеймін. Ол Жолаушылар аңғарында, Өлі теңізден шығысқа қарай орналасады. Оған Гог пен оның қалың әскері қойылатындықтан қабірлері жолаушылардың жолына кедергі жасап, оларды тоқтатып тастайтын болады. Кейін осы аңғар «Гог әскерінің аңғары» деп те аталмақ.
12Исраил халқы жеті ай бойы соларды жерлеп, елді мәйіттерден тазартатын болады.
13Елдің барлық адамдары оларды көмуге қатысып, Мен Өзімнің ұлылығымды танытатын күні марапатталады. — Жаратушы Тәңір Ие осыны нық айтады. —
14Халық бүкіл елді тоқтамай шарлап, көмусіз қалып қойған сүйектерді жерлейді, әрі елді тазалап отыратын арнайы адамдарды да тағайындайды. Солар мұны қастарынан өтіп бара жатқандардың көмегімен істейді. Жеті ай өткеннен кейін арнайы іздеу жұмыстары басталады.
15Сол адамдар елді тағы бір рет шарлап жүріп, әлі де көмілмеген адам сүйектерін көргенде, жерлеушілер тобының соны «Гог әскері аңғарына» алып кетулері үшін оның қасына бір белгі қойып кетпек.
16Хамона қаласы да сол аңғарда орналасқан. Осылай жерлеушілер елді тазартып шығады.
17Ал саған, пендем, Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Барлық жыртқыш құстар мен аңдарды шақырып, оларға былай деп хабарла: Менің өздеріңе дайындап жатқан ұлы құрбандық асыма жиналып келіңдер! Жан-жақтан Исраилдің тауларына жиылып, сонда ет жеп, қан ішіңдер!
18Сөйтіп қуаттылардың етін жеп, жердің әміршілерінің қанын ішесіңдер. Солар қошқар, тоқты, теке, жас бұқадай, тіпті Башанның бордақы малындай қоңды болады.
19Семіз етті тойғанша жеп, қанды масайғанша ішіңдер! Бұл Менің сендерге даярлап отырған құрбандық асым болмақ.
20Менің әзірлеген дастарқанымнан жылқы мен салт аттылардың, батырлар мен түрлі жасақшылардың етіне тойыныңдар!» — Жаратушы Тәңір Ие осыны бұйырады.
Жаратқан Иенің Исраил халқын еліне қайтаруы21«Ал Мен салтанатты ұлылығымды халықтардың арасында орнатамын. Сонда барлық ұлттар Менің соларға үкімімді шығарып, оны құдіретті қолыммен іске асырғанымды көретін болады.
22Сол кезден бастап әрі қарай Исраил халқы Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
23Ал басқа халықтар Исраил халқының не себептен жер аударылғанын ұғады: Исраил халқы Маған опасыздық жасап кінәлі болды. Сондықтан Мен олардан жүзімді бұрып әкетіп, халықты жауларының қолына түсірдім де, семсерден қырылуларына жол бердім.
24Мен оларға өздерінің Маған қарсы шығып, опасыздық жасап арамданғандарына сәйкес әрекет етіп, олардан бет-жүзімді жасырдым».
25Сонымен Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен енді Жақыптың үрім-бұтағын жер аударылып кеткен жағынан алып келіп, қолды болған мал-мүлкін қалпына келтіріп, бүкіл Исраил халқына мейірімімді түсіремін. Сөйтіп Өзімнің қасиетті есімімді қайрат-жігермен қорғаймын.
26Олар өз елдерінде қайтадан аман-есен өмір сүріп, енді ешкім күш көрсетіп, қорқытпайды. Сонда өздерінің Маған опасыздық жасап масқара болғандарын мойындайды.
27Мен оларды дұшпандарының елдерінен, бөтен ұлттардың арасынан жинап әкелгенімде, көптеген халықтардың көз алдында олар арқылы Өзімнің киелілігімді көрсетемін.
28Себебі Мен оларды жат ұлттардың арасына жер аудартқан болсам да, кейін олардың ешқайсысын да ұмыт қалдырмай, өз елдеріне жинаймын. Сонда олар Менің өздерінің Құдайы Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
29Исраил халқына Өзімнің Рухымды төккен соң, Мен енді қайтып олардан бет-жүзімді жасырмаймын», — Жаратушы Тәңір Ие осыны уәде етеді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.