1Лайым Жаратқан Иені мадақтаңдар!
Жаратқан Иені көктен мақтаңдар,
Заңғар аспанда Оны даңқтаңдар,
2Мадақтаңдар Оны, бар періштелер,
Мадақтаңдар Оны бәрің, көктегілер,
Оған бағышталған нөкерлері, сендер!
3Мадақтаңдар Иемізді, күн мен ай да,
Барлық жарқылдаған жұлдыздар да,
4Мадақта Оны лайым, аспан заңғар,
Мадақтаңдар Оны, бұлттан жоғары сулар!
5Жаратқанның атын дәріптесін барлығы,
Ол бұйрық бергенде әлем жаратылды,
6Мәңгілікке берік орнатты Ол соларды,
Әрдайым сақталады берген жарлықтары.
7Мадақтаңдар Жаратқанды, жердегілер,
Алып балықтар мен түпсіз теңіздер,
8Найзағай мен бұршақ, қар және тұман,
Дауыл да Оның бұйрығына бағынған,
9Мақтаңдар Оны, бар төбелер мен таулар,
Жеміс ағаштары мен күллі самырсындар,
10Алуан түрлі аңдар және малдар,
Құстар әрі бауырымен жорғалаушылар!
11Әлемнің патшалары мен бүкіл халықтар,
Жердегі әміршілер және барлық соттар,
12Мадақтаңдар Оны, жігіттер мен қыздар,
Қарттармен қатар сендер де, балалар!
13Мадақтасын бәрі де Жаратқанның атын,
Тек Ол ғана жоғары барлығынан,
Даңқы Оның жер мен аспаннан асқан.
14Ол Өзінің халқына күш-қуат дарытты,
Бар адал жандарға мақтау әнін айтқызды,
Исраил ұрпақтарының даңқын асырды,
Осы халық Өзімен тығыз байланысты.
Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
