1Қадірлі Теофил! Көптеген адамдар арамызда әбден белгілі болған оқиғаларды баяндауға кірісіп кетті.
2Бұл үшін олар Ізгі хабарды уағыздаушылардың әуел бастан-ақ өз көздерімен көріп, бізге айтып жеткізгендеріне сүйенді.
3Солардың бәрін басынан бастап ұқыпты зерттеп шыққандықтан, мен де оларды рет-ретімен жазып берсем игі болар еді деп ұйғардым.
4Осылайша сіз өзіңіз үйренген осы ілімнің берік негізіне әбден көз жеткізе аласыз.
Жақия пайғамбардың дүниеге келетіні туралы алдын ала білдіру5Яһудея елінің патшасы Иродтың заманында діни қызметкерлердің Абиях тобында Зәкәрия есімді біреу бар болатын. Әйелі Елізабет Һарон әулетінен еді.
6Екеуі де Құдай алдында әділ жандар болып, Жаратқан Иенің барлық өсиеттері мен ережелеріне сай мінсіз өмір сүріп жатты.
7Бірақ Елізабет құрсақ көтермегендіктен, балалары болмады. Ал екеуінің жасы да ұлғайып қалған еді.
8Бір күні Зәкәрия өз тобының кезегі келіп, (Иерусалимдегі ғибадатханада) Құдайға қызмет көрсетіп тұрды.
9Сонда діни қызметкерлер дәстүр бойынша ортаға жеребе салып, өздері атқаратын міндеттердің ретін бөлісті. Содан Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, Оған арналған тарту ретінде жұпар шайыр түтету міндеті Зәкәрияның үлесіне тиді.
10Зәкәрия шайырды түтетіп жатқан уақытта қалың жамағат сыртта Құдайға сиынып мінажат етіп тұрды.
11Сол кезде Зәкәрияға Жаратқан Иенің бір періштесі көрініп, түтету үстелінің оң жағында тұра қалды.
12Зәкәрия оны көргенде селк етіп, бойын қорқыныш билеп алды.
13Бірақ періште оған тіл қатып былай деді:
— Зәкәрия, қорықпа! Тілегің қабыл болып, әйелің Елізабет саған ұл туып береді. Ұлдың атын Жақия деп қоясың.
14Төбең көкке жете қуанып шаттанасың, көп адамдар да оның дүниеге келгеніне қуанады.
15Ол Жаратқан Иенің алдында мәртебелі болып, шарап, сыра атаулыдан аулақ жүретін болады. Ана құрсағында жатқанда-ақ ол Киелі Рухқа кенеледі.
16Жақия исраилдіктердің көбін өздерінің Құдайы — Жаратқан Иеге қайтадан келтіреді.
17Ілияс пайғамбарға дарыған Құдайдың Рухы мен күшіне ол да бөленіп, Иеміздің алдынан жүретін болады. Әкелерді балаларымен татуластырып, қыңыр мінезділерді әділ жандардың тура жолына бет бұрғызады. Осылайша ол халықты Иеміздің келуіне әзірлейді. —
18Алайда Зәкәрия періштеге жауап қайтарып:
— Бұған қалай көз жеткізе аламын? Өзім қартайдым, әйелімнің де жасы ұлғайды ғой, — деді.
19Періште:
— Мен Құдайға қызмет етуші Жәбірейілмін. Ол мені саған осы ізгі хабарды жеткізуге жіберді.
20Ал сен мезгілінде орындалатын сөздеріме сенбегендіктен, олар жүзеге асатын күнге дейін сөйлей алмайтын мылқау болып қаласың, — деді.
21Осы екі арада жамағат Зәкәрияның киелі үйде кідіріп қалғанына таңданып, тосып тұрған еді.
22Ол сыртқа шыққанда, оларға сөйлей алмай қалды. Сонда жұрт оның киелі үйде аян көргенін ұқты. Себебі Зәкәрия оларға ыммен белгі беріп, мылқау күйінде қала берді.
23Өзінің киелі үйдегі қызмет атқару күндері біткеннен кейін Зәкәрия үйіне қайтты.
24Бұдан соң әйелі Елізабет құрсақ көтеріп, бес ай бойы жұрт көзінен тасаланып жүрді.
25«Жаратқан Ие бұл күндері маған назар аударып, мені адамдар арасында ұятқа қалдырмау үшін осылай жарылқады!» — деп Елізабет Тәңір Иеге ризашылығын білдірді.
Құтқарушымыз Исаның дүниеге келетіні туралы алдын ала білдіру26Алтыншы айда Құдай Жәбірейіл періштені Ғалилея аймағының Назарет қаласындағы бір қызға жіберді.
27Қыздың есімі Мәриям болатын, ол (Исраил елінің ежелгі патшасы) Дәуіттің әулетінен шыққан Жүсіп есімді жігітке айттырылып қойылған еді.
28Періште үйге кіріп, оған:
— Сәлем саған, Құдай жарылқаған жан, Жаратқан Ие саған жар! — деп тіл қатты.
29Мәриям періштені көріп, оның айтқан сөздеріне селк етіп, бұл қандай сәлемдесу деп ойланып тұрып қалды.
30Ал періште оған:
— Қорықпа, Мәриям, саған Құдай рақымын түсірді.
31Енді құрсақ көтеріп, Ұл табасың, Оның атын Иса деп қоясың.
32Ол өте мәртебелі болып, Құдай Тағаланың рухани Ұлы деп аталады. Құдай Ие Оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды.
33Иса Жақыптың үрім-бұтағына мәңгі бақи Патшалық құратын болады. Оның Патшалығының шегі болмайды, — деді.
34Сонда Мәриям:
— Бұл қалай болады? Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой! — деп сұрады.
35Періште оған былай деп жауап берді:
— Саған Киелі Рух қонып Құдай Тағала сая түсіргендей Өзінің құдіретін дарытады. Сондықтан да сен табатын Киелі Бала «Құдайдың рухани Ұлы» деп аталмақ.
36Бұрын құрсақ көтермейді деп саналған жақын апайың Елізабет те қартайған шағында ұлды болмақ. Алты айдан бері оның аяғы ауыр.
37Себебі Құдайдың ешбір сөзі де жүзеге аспай қалмас! —
38Сонда Мәриям:
— Мен Жаратқан Иенің күңімін; айтқаныңыз болсын! — деді. Бұдан кейін періште оның қасынан ғайып болды.
Елізабет пен Мәриямның Құдайды мадақтауы39Сол күндері Мәриям жолға жиналып, Яһуда руының таулы өңіріндегі бір қалаға жедел жүріп кетті.
40Сонда ол Зәкәрияның үйіне түсіп, Елізабетпен амандасты.
41Елізабет Мәриямның берген сәлемін естігенде, ішіндегі нәрестесі тыпырлап кетті. Елізабет Киелі Рухқа кенеліп,
42қатты дауыстап былай деді:
— Құдай әйелдердің арасында сені жарылқаған, құрсағыңдағы Нәрестені де жарылқаған!
43Иемнің шешесі маған келетіндей мен соншама кім едім?
44Көрдің бе, сәлем берген даусың құлағыма жеткенде, ішімдегі балам қуанып, тыпырлап қоя берді!
45Жаратқан Иеге сенген сен бақыттысың, Оның саған айтқаны жүзеге аспақ!
46Сонда Мәриям былай деді:
— Жан дүнием Иемді мадақтайды,
47Құтқарушым Құдайға қуанады:
48Күңінің қарапайым жағдайына
Құдай рақыммен назар аударады.
Күллі ұрпақтар мені бұдан былай
«Құдай жарылқаған жан» деп атайды:
49Есімі киелі Құдіретті Құдай
Маған керемет ұлы істер жасайды!
50Рақымы Өзін қастерлеушілердің
Ұрпағынан ұрпағына жалғасады;
51Ол қолының құдіретін танытып,
Асқақ ниеттілерді шашыратады,
52Билік иелерін тақтан құлатып,
Атақсыздарды жоғарылатады,
53Ашыққандарды игілікке кенелтіп,
Байларды құр қол қайтарып қуады.
54Тәңір өз қайырымын ескеріп,
Қызметшісі Исраилді қамқорлайды:
55Ежелгі ата-бабаларымызға,
Ыбырайым мен оның ұрпақтарына,
Құдай осылай айтқан болатын да.
56Мәриям үш айдай Елізабетпен бірге тұрғаннан кейін үйіне қайта оралды.
Жақия пайғамбардың дүниеге келуі57Елізабеттің босанатын уақыты жетіп, ұл тапты.
58Көршілері мен туыстары Жаратқан Иенің оған қайырымдылық жасағанын естіп, қуанышына ортақтасты.
59Сегізінші күні олар сәбиді сүндеттеуге келіп, оған Зәкәрия деп әкесінің атын қоймақшы болды.
60Бірақ шешесі қарсылық білдіріп:
— Жоқ, оның есімі Жақия болады! — деді.
61Олар:
— Туысқандарыңыздың арасында сондай есімді ешкім жоқ еді ғой! — деп,
62әкесінен ұлына қандай ат қойғысы келетінін ымдап сұрады.
63Зәкәрия бір жазу тақтайшасын сұрап алып, «Оның есімі Жақия болады!» деп жазды. Бұған бәрі де таңғалысты.
64Сол сәтте-ақ Зәкәрияға қайтадан тіл бітіп, Құдайды мадақтай бастады.
65Ал төңірегінде тұрған халықтың барлығы үрейленіп қалды. Осы оқиғалар Яһудея елінің бүкіл таулы өңірінде әңгіме болды.
66Естігендердің бәрі оларды көңілдеріне түйіп: «Бұл нәресте кім болар екен?» — десті. Себебі Жаратқан Иенің Өзі Жақияны қолдап-қорғап жүрді.Зәкәрияның мадақтау жыры әрі пайғамбарлық сөзі
67Баланың әкесі Зәкәрия Құдайдың Киелі Рухына кенеліп, Оның хабарын жеткізіп былай деді:
68«Исраилдің сиынатын Құдайы
Мадақталсын: оның Жаратқан Иесі!
Құдай таңдап алған халқына келеді,
Оны құтқарып алып азат етеді!
69Құлы Дәуіттің әулетінен бізге
Мықты Құтқарушыны шығарады.
70Қасиетті пайғамбарларына Ол ежелде
Бұларды алдын ала білдірткен еді,
71Ондағы мақсаты — бар жауымыздан,
Бізді жек көретіндердің қолынан
Құтқарып алып азат ету біздерді.
72Құдай арғы ата-бабаларымызға
Осылай шапағатын танытады,
Олармен жасаған Өзінің қасиетті
Келісімін енді есіне алады,
73Түп атамыз Ыбырайымға Өзі
Берген антын есіне түсіреді.
74Бізге жаулардың қолынан құтылып,
Өзіне еш алаңсыз қызмет етіп,
75Жаратқан Иеміздің көз алдында
Қасиетті де әділ өмір сүруге
Мәңгі мүмкіндік беретін болады.
76Балам, сен осылай Құдай Тағаланың
Пайғамбары деп аталатын боласың,
Дайындауға Иеміздің жүрер жолын:
77Өзінің таңдаған халқын құтқарып,
Күнәсін кешіретінін хабарлап,
Оның алдынан жүретін боласың:
78Мейірімді рақымымен Құдайымыздың
Шұғылалы Таң, міне, атып келеді!
79Ажал төндірген түнектегі біздерге
Ол Өзінің шапағатты нұрын төгеді,
Һәм бізді бейбітшілік жолына жетелейді».
80Ал Жақия ержүрек, зейінді бала болып есейе берді. Исраил халқының алдына шыққанша, ол айдалада тұрды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.