Лұқа 6 - Киелі кітап(QazBi2010)

Діни демалыс күні жайлы ережелер әрі Құдайдың рақымдылығы

1Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп алып, қолмен үгіп жеді.

2Кейбір парызшылдар:

— Сендер демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты неге істеп жүрсіңдер?! — деп наразылық білдірді.

3Иса оларға былай деп жауап қайырды:

— Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер?

4Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нанды алып, өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол күлшелерді діни қызметкерлерден басқа ешкімнің жеуіне болмайды ғой. —

5Бұдан кейін Иса: — Көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты.

6Иса басқа бір демалыс күні мәжілісханаға барып, жамағатқа тәлім беріп отырған еді. Сол жерде оң қолы семіп қалған бір адам да болды.

7Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаны айыптайтын сылтау табуға тырысып, Ол демалыс күні болса да ауруларды сауықтырар ма екен деп аңдыды.

8Бірақ Иса олардың бұл ойларын біліп, қолы семген адамды: «Түрегеліп, ортаға шықшы!» — деп шақырды. Ол тұрып, ортаға шықты.

9Сонда Иса сол діншілдерге: «Сендерден сұрап тұрмын, демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; біреудің жанын құтқаруды ма немесе құртуды ма?» — деген сұрақ қойды.

10Иса айналасында отырғандардың бәріне қарады да, әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп тапсырды. Сол адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді!

11Ал әлгі діншілдер қатты ашуланып, Исаға қарсы не істесек екен деп өзара ақылдасты.

Мәсіх Исаның он екі елшісін таңдауы

12Сол күндері Иса мінажат ету үшін бір таудың басына шығып, түні бойы сиынумен болды.

13Таң атқан соң шәкірттерін қасына шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды «елшілер» деп атады.

14Олар: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон және оның інісі Әндір; Жақып пен Жохан; Філіп пен Барталмай;

15Матай мен Тома; Әлпей ұлы Жақып және жұрт Діншіл деп атаған Шимон;

16Жақып ұлы Яһуда және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.Исаның тау беткейіндегі уағызын бастауы

17Мұнан кейін Иса елшілерімен бірге тау басынан төмен түсіп, беткейдегі бір жазыққа келді. Оның қасына көптеген шәкірттері және бүкіл Яһудея аймағынан, Иерусалим қаласынан әрі Жерорта теңізі жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген көп халық жиналды.

18Олар Исаны тыңдауға және ауру-сырқауларынан сауығуға келгендер болатын. Жын қинаған адамдар да келіп, жындарынан арылып жатты.

19Бүкіл халық Исаға қолын тигізуге ұмтылды, себебі Одан құдірет шығып, бәрін де сауықтырып жатты.Шынайы бақыт және қасірет

20Сол кезде Иса шәкірттеріне қарап былай деді:

— Жарлылар, сендер бақыттысыңдар:

Құдайдың Патшалығы өздеріңе арналған!

21Қазір ашыққандар, сендер бақыттысыңдар:

себебі тойынатын боласыңдар!

Қазір қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар:

себебі қуана күлетін боласыңдар!

22Адамдар көктен келген Маған бола

сендерді жек көріп, орталарынан аластатып, қорлап, аттарыңа кір келтірсе, бақыттысыңдар!

23Сол күні қуана секіріп шаттаныңдар,

себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр!

Солардың ата-бабалары бұрынғы пайғамбарларға да солай істеген.

24Алайда, байлар, сендер қасіретке қаласыңдар:

себебі рақаттың дәмін толығымен татып келдіңдер!

25Қазір қарны тоқтар, қасіретке қаласыңдар:

сендер ашығатын боласыңдар!

Қазір күлгендер, қасіретке қаласыңдар:

сендер еңіреп жылайтын боласыңдар!

26Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар:

солардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай істеген.

Жауларын жақсы көру және игілік істеу қажеттігі туралы

27Бірақ, Мені тыңдаушылар, сендерге айтамын:

жауларыңды жақсы көріңдер!

Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық жасап,

28қарғайтындарға да игілік тілеп,

өкпелететіндер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер!

29Бетіңнің бір жағын ұрғанға

екінші жағын да тос!

Шапаныңды тартып алғанның

көйлегіңді де алуына кедергі жасама!

30Сұраған әркімге мұқтажын бер,

өзіңдікін тартып алғаннан оны қайта сұрама!

31Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер,

сендер де оларға солай істеңдер!

32Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Құдайдан қандай сый алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргендерді күнәкарлар да жақсы көреді ғой.

33Егер өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да істейді ғой.

34Егер одан қайтарып алармын деген үмітпен біреуге қарыз берсеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерін түгелдей қайтарып алу үшін күнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді.

35Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер! Жақсылық істеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер! Сонда көктегі сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді.

36Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!

Басқаларды айыптауға асықпау қажет

37Басқаларға үкім айтпаңдар, сонда сендерге де үкім шығарылмайды. Айыптамаңдар, әйтпесе өздерің де айыпталасыңдар. Кешіріңдер, сонда сендер де кешірілесіңдер.

38Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып беріледі. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.

39Иса оларға астарлап тағы былай деді:

— Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме?

40Шәкірті ұстазынан жоғары емес. Ал білімін жетілдірген әркім өз ұстазындай болады.

41Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?

42Өз көзіңдегі бөренені көрместен: «Бауырым, кәне, көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалай айта аласың? Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.

Ағаш жемісімен, адам ісімен танылар

43Жаман жеміс беретін жақсы ағаш жоқ, жақсы жеміс беретін жаман ағаш та жоқ.

44Әр ағаш өзінің жемісімен танылар: «Шомырттан өрік, жабайы бұтадан жүзім жинамас».

45Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.

Берік негіз бен осал негіз

46Егер сендер айтқандарымды орындамасаңдар, несіне Мені «Мырза, Ие!» дейсіңдер?

47Маған келіп, сөздерімді тыңдап, оларды орындаған әркімнің қандай адамға ұқсас екенін айтып берейін:

48ол жерді терең етіп қазып, іргетасын берік тасқа қалап үй салған адамға ұқсайды. Сел басып, тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, оны қозғалта алмайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.

49Алайда сөздерімді естісе де, оларды орындамаған кісі үйін іргетассыз жай жерге салған адамға ұқсайды. Тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, ол сол заматта-ақ опырылып құлап, тас-талқан болады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help