1Содан соң Жаратқан Ие Әйүпке құйынның ішінен жауап беріп былай деді:
2— Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!
3Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
4Жердің түп негізін орнатқанымда сен қайда жүрдің? Білгіш болсаң, түсіндірші!
5Үстінен жіп тартып, оның өлшемдерін орнатқан кім? Сен бұларды білесің ғой.
6Дүниенің негіздері ненің үстіне орнатылды, оның іргетасын қалаған кім болды?
7Сол кезде таңғы жұлдыздар бірге әндетіп, Құдайдың бүкіл нөкерлері қуана ән салып жатты.
8Теңіз пайда бола салысымен дүлейлене жөнелгенде оны қақпалармен қоршап, шектеп қойған кім еді?
9Сол кезде Мен теңізге бұлттарды киім, қара түнекті жөргек еттім,
10қақпалары мен ысырмаларын орнатқандай оның шекараларын белгілеп қойдым.
11Оған: «Мына шектен асуыңа болмайды, тәкаппар толқындарыңның тоқтайтын жері осы!» деп бұйырғанмын.
12Ал сен өзің таңның атуына бұйрық беріп, шұғылаға қай жерде болуы керектігін қашан болса да көрсетіп пе едің?
13Оған жердің түкпір-түкпірлеріне жетіп, қараңғыда істелінген зұлымдықтарды жер бетінен аластатып тастауға әмір еттің бе?
14Таң атқанда жердің қалпы сазға мөр басқандай айқындалып, салтанатты киімнің пішіміндей анықталады.
15Күннің нұры зұлымдардың әрекеттерін доғартып, күш көрсетіп көтерген қолдарын сындырады.
16Әйүп, сен теңіздегі су көздеріне түсіп, оның терең жерлерін зерттеп шығып па едің?
17«О дүниенің қақпалары» саған көрсетіліп пе еді? «Қара түнектің қақпаларын» көріп пе едің?
18Жердің ауқымын ұқтың ба? Осының бәрін білсең, түсіндірші!
19Нұрдың мекеніне апаратын жол қайда? Ал қара түнектің тұрағы қайда?
20Оларды өз қоныстарына апара алар ма едің? Соларға қалай жетуге болатынын білесің бе?
21Әрине, білесің! Сен сол кезден бұрын-ақ дүниеге келіпсің. Көптеген күндерді басыңнан өткізіпсің.
22Қар мен бұршақ сақталатын қоймаларға кіріп пе едің?
23Апат, соғыс және шайқас кездері үшін соларды сақтап келемін.
24Нұрдың шашырайтын жолы әрі шығыс желінің жер бетіне шашырай соғатын жолдары қайда?
25Топанға арна қазып, күн күркіреу мен найзағайға жол салған кім?
26Елсіз айдалаға, адам тұрмайтын құла түзге жаңбыр жаудыратын кім?
27Құлазыған қу жапанды суландырып, жерден шөп шығаратын кім?
28Жаңбырдың әкесі бар ма? Шықтың тамшыларын дүниеге келтірген кім?
29Мұз кімнің құрсағынан шығып, аспаннан түскен қырауды кім туғызды?
30Су мұздағанда тастай болады, тұңғиықтың беті қатып қалады.
31Үркер жұлдыздар шоғырын байлап, Көгалдай мергеннің белбеуін шешуге құдіретің бар ма?
32Шоқжұлдыздарды өз уақытында шығарып, Жетіқарақшыны кіші жұлдыздарымен бірге жетелей аласың ба?
33Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе? Жаратқанның билігін жерге орнату қолыңнан келе ме?
34Айқайыңды бұлттарға дейін жеткізіп, оларға нөсер құйдыра аласың ба?
35Найзағайларды жарқылдатып, өзіңе мойынсұндыру қолыңнан келе ме?
36Адамның жан дүниесіне ақыл-парасат дарытып, санасына түсінікті кім сыйлады?
37Бұлттарды өз ақылымен санап шығып, «аспанның ыдыстарын төңкеріп», жаңбыр жаудыра алатын кім?
38Шаң-тозаң сонда балшыққа айналып, топырақ кесектері бір-біріне жабысады.
Құдайдың Әйүпке хайуандар әлемі жайлы сауалдар қоюы39Ұрғашы арыстан үшін аң аулайтын, жас арыстандардың қарындарын тойындыратын сенсің бе?
40Олар апандарында бүгіліп не тасада торуыл құрып аңдып жатады.
41Қарғаның балапандары Құдайға жалынып қарқылдап, тамақ іздеп босып жүргенде, қарғаға азық дайындап қоятын кім?
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.