1Құлақ түр, уа, Исраил халқы! Сендер енді Иордан өзенінен өтіп, саны да, күші де өздеріңнен басым халықтардың елдеріне кіріп, соны иемденейін деп жатырсыңдар. Олардың аспанмен таласатындай зәулім қамалмен қоршалған үлкен қалалары бар.
2Сол елде күшті де зор денелі адамдар — Анақтың алып ұрпақтары тұрады. Сендер бұлар туралы біліп, «Анақтың ұрпақтарына кім қарсы тұрмақ?» деген мәтелді естігенсіңдер.
3Бірақ та бүгін мынаны біліп қойыңдар: сендердің Құдайларың Жаратқан Ие жалмайтын от сияқты болып Иорданнан өтіп, алдарыңда бастап жүреді. Өзі соларды құртып, сендерге жеңдіреді. Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткендей, сендер оларды елден қуып шығып, тез арада көздерін жоясыңдар.
4Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығарғаннан кейін сендер іштей: «Жаратқан Ие мені осы елді иемденуге өз әділдігіме бола алып келді» деп бөсуші болмаңдар! Жоқ, Жаратқан Ие сол халықтарды олардың асқан зұлымдықтарына бола алдарыңнан қуып шығармақ.
5Ендеше осы елді иемденулерің сендердің ерекше әділдіктеріңе яки ізгі қасиеттеріңе бола емес. Қайта, сол халықтардың зұлымдықтарына бола Құдайларың Жаратқан Ие оларды алдарыңнан қуып шығады. Осылайша Ол ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен берген уәдесін жүзеге асырады.
6Сондықтан Құдай Иенің осы шұрайлы елді сендерге мұралық меншікке беруі өз әділдіктеріңе бола емес екендігін ұғып алыңдар! Керісінше, сендер тоңмойын, бағынбайтын халықсыңдар.Халықтың жас бұқа мүсініне табынып күнәға батқаны
7Сендер айдаланы кезіп жүргендеріңде Құдай Иеміздің қаһарын туғызғандарыңды ешқашан ұмытпай, естеріңде сақтаңдар! Мысырдан көшіп шығып, осы жерге келген күнге дейін сендер Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер.
8Хориб тауының маңында Жаратқан Иенің қаһарын туғызғандарың сонша, Ол сендерді түгелдей құртып жібермекші болды.
9Бұл менің Жаратқан Иенің өздеріңмен жасаған Келісімінің тас тақташаларын қабылдап алу үшін тауға шыққан кезімде болған еді. Сол жерде мен қырық күн, қырық түн болып, еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын.
10Сонда Жаратқан Ие маған Құдайдың қолымен жазылған жазуы бар екі тас тақташаны табыс етті. Сендер тау етегінде жиналып тұрған кездеріңде Жаратқан Ие өздеріңе тау басындағы от ішінен айтқан сөздерінің бәрі сол тас тақташаларда жазылған болатын.
11Сол қырық күн мен қырық түн бітіп, Жаратқан Ие маған екі тас тақташаны, яғни Келісімнің тақташаларын, табыстағаннан кейін,
12Жаратқан Ие маған былай деп бұйырды: «Тезірек төмен түс, сен Мысырдан бастап алып шыққан халқың азғындыққа салынды! Олар Мен өздеріне өсиет еткен жолдан лезде тайып шығып, алтыннан құйылған бір мүсінді жасап алды!» — деді.
13Жаратқан Ие маған тағы да: «Мен бұл халықты назарымда ұстап келемін. Оның шынында тоңмойын қыңыр екеніне көзім жетті.
14Ал енді, Мені қалдыр, оларды құртып, есімдерін аспанның астынан өшіріп тастаймын. Содан кейін Мен саны мен күші олардан басым бір халықты өзіңнен жаратамын», — деді.
15Мен кері бұрылып, от болып жанып тұрған таудың басынан төмен түсіп кеттім. Қолымда Келісімнің екі тас тақташасы болды.
16Мен ел қонысына жақындап қарағанда, сендердің жас бұқаның алтыннан құйылған мүсінін жасап алып, Құдай Иенің алдында күнәға батқандарыңды көрдім. Сендер Жаратқан Ие өздеріңе өсиет еткен жолдан лезде тайып шықтыңдар!
17Сонда мен екі тас тақташаны қолдарыма алдым да, сендердің көз алдарыңда жерге лақтырып жіберіп, олардың быт-шытын шығардым.
Пайғамбардың өз халқы үшін араша түсуі18Содан кейін мен қайтадан Жаратқан Иенің алдында етпетімнен қырық күн, қырық түн бойы жатып алдым. Сендердің Жаратқан Иеге жек көрінішті іс-әрекет жасап Оның ашуын туғызған барлық күнәларыңа бола сол уақыттың ішінде еш нәр татпай, су да ішкен жоқпын.
19Жаратқан Иенің лаулаған қаһарынан қорқып, Ол сендерді құртып жібермей ме деп үрейленіп тұрдым. Бірақ Ол бұл жолы да маған құлақ асты.
20Жаратқан Ие Һаронға да қаһарланғаны сонша, оның көзін құртпақшы болды. Сол кезде Һарон үшін де мінажат етіп Жаратқан Иеге жалбарындым. Сонда Ол Һаронды аман қалдырды.
21Ал сендер күнәға батқанда жасап алған жас бұқа мүсінін алдым да, оны отқа салып құртып, күл-талқанын шығардым. Одан қалғанын ұнтақтап үгіп, таудан төмен ағып жатқан бұлаққа лақтырдым.
22Бұдан басқа сендер Таберада, Масада және Қиброт-Хатауада да Жаратқан Иенің қаһарын туғыздыңдар.
23Жаратқан Ие сендерді Қадеш-Барниден: «Өрлеп барып, Мен сендерге беріп отырған елді иемденіңдер!» — деп жолдап жіберген еді. Бірақ сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бұйрығына қарсы шықтыңдар! Оған сенген де жоқсыңдар, тілін де алмадыңдар.
24Мен сендерді білгеннен бері Жаратқан Иеге қарсы бас көтеріп келесіңдер.
25Жаратқан Ие сендерді құртамын дегендіктен, Оның алдында сол қырық күн, қырық түн бойы етпетімнен жата бердім.
26Жаратқан Иеге сиынып былай дедім: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Сен өз ұлылығыңмен құтқарып, құдіретті қолыңмен Мысырдан алып шыққан осы халқыңды, Өзіңнің меншігіңді, құрта көрме!
27Өз қызметшілерің Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпты есіңе ала гөр! Осы халықтың қыңырлығына, зұлымдығына және жасаған күнәсіне назар аудара көрме!
28Әйтпесе Сен бізді алып шыққан Мысыр елінің адамдары: «Өзі антпен уәде еткен елге оларды алып бару Жаратқан Иенің қолынан келмегендіктен, әрі оларды жек көргендіктен, айдалада өлтіру мақсатымен елімізден алып шықты» деп табалап жүрер.
29Бірақ бұл Өзіңнің ұлы құдіретіңмен және алға созылған қолыңмен жат елден алып шыққан халқың, Сенің өз меншігің, емес пе?!»
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.