1Иса сол жерден шығып, Яһудея аймағына әрі Иордан өзенінің шығыс бетіне барды. Қасына қайтадан халық жиналып, Иса Өзінің әдеті бойынша оларға тәлім берді.
2Бірнеше парызшылдар келіп, Исаны сынамақ болып:
— Күйеуінің әйелімен ажырасуына бола ма? — деген сұрақ қойды.
3Иса:
— Мұса пайғамбар сендерге не бұйырған? — деп жауап қайырды.
4— Мұса пайғамбар күйеуінің арнайы қағазды жазып беріп, әйелімен ажырасуына рұқсат еткен ғой! — деді олар.
5Сонда Иса былай деп жауап қатты:
— Мұса сендерге осы ережені жүректеріңнің Құдайдың еркіне мойынсұнбай қасарысқандығына бола жазып қалдырған.
6Алайда жаратылыстың басталуында-ақ «Құдай адамды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты».
7«Сондықтан еркек әке-шешесін тастап,
8әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады» (деп те Тауратта жазылған). Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас!
9Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын!
10Үйде шәкірттері Исадан бұл туралы тағы да сұрағанда,
11Ол:
— Кім әйелімен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады.
12Егер әйел күйеуімен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны, — деп түсіндірді.
13Адамдар Исаға балаларын алып келіп, Одан соларға қолын тигізіп бата беруін өтінді. Бірақ шәкірттері (Исаны мазалағандары үшін) оларды сөкті.
14Мұны байқаған Иса наразы болып былай деді:
— Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған.
15Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды. —
16Содан Иса балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып бата берді.
Байлықтың қаупі, ал Мәсіхтің жолындағы игіліктер17Иса сапарға шыққанда, бір жігіт алдынан жүгіріп шығып, Оған тізесін бүгіп тағзым етті. Жігіт Исаға:
— Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды.
18Иса оған:
— Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес.
19Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ешкімнің ақысын жеме; ата-анаңды сыйла!» — деді.
20Жігіт:
— Ұстаз, бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін, — деп жауап берді.
21Иса оған қарап тұрып, сүйіспеншілікпен:
— Саған бір нәрсе жетіспейді: барып, қолыңдағы мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! — деді.
22Бұл сөзге жігіт еңсесі түсіп қапаланды да, сол жерден кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын.
23Иса айнала қарап, шәкірттеріне: «Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын!» — деді.
24Оның айтқандарына шәкірттері абыржып, қайран қалды. Ал Иса тағы да:
— Жігіттер! (Байлықтарына сенгендер үшін) Құдайдың Патшалығына кіру қандай қиын!
25Байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деп қосты.
26Шәкірттер аса қатты таңғалып, өзара:
— Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады?! — десті.
27Иса оларға қарап:
— Бұл, адамның қолынан келмейді, бірақ Құдайдың қолынан келеді. Оның қолынан бәрі де келеді! — деді.
28Петір Исаға:
— Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз, — дей бастап еді.
29Иса былай деп жауап қатты:
— Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, бауырларын, әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын не жер-суын Маған және Ізгі хабарға бола қалдырған әркімге
30сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас (не әпке-сіңлі), әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады.
31Сол заманда көптеген алдыңғы қатарлылар соңғылар болады, ал соңғылар алдыңғы қатарға шығады.Мәсіхтің ізгілікті де азапты жолы
32Сол кезде олар Иерусалимге көтерілетін жолмен өрлеп бара жатты. Иса алдарында жүрді, ал шәкірттері абыржып, Оның соңынан ерген халық та қорқып келе жатты. Иса қайтадан он екі елшісін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) айта бастады:
33«Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде біреу көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді.
34Солар Оны мазақ етіп, бетіне түкіріп, қамшымен сабайды, ақырында өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»
35Сол кезде Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жохан Исаның қасына келіп:
— Ұстаз, Сізден бір өтінішіміз бар, соны орындасаңыз екен, — деді. Иса:
36— Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
37— Сіз бұдан кейін салтанатты ұлылығыңызға ие болған кезде бірімізге оң, екіншімізге сол жағыңызға отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді.
38Иса оларға жауап беріп былай деді:
— Сендер не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішіп», (азапты) «шомылудан» өтпекпін! Ал сендер солай істей аласыңдар ма? —
39Екі шәкірт:
— Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса:
— Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішіп, Мен өтетін «шомылудан» сендер де өтетін боласыңдар.
40Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.
41Қалған он елші мұны естігенде Жақып пен Жоханға наразы болды.
42Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді:
— Билеушілері деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер.
43Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін!
44Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңе құл іспетті қызмет көрсете берсін!
45Себебі Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін осы дүниеге келдім.
Зағип Бартімейдің көзі ашылып, Исаға еруі46Иса шәкірттерімен жол жүріп Иерихон қаласына жетті. Олар халықтың үлкен тобымен бірге қаладан шығып бара жатқанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді. Оның есімі Тімей ұлы Бартімей болатын.
47Бартімей өтіп бара жатқан Адамның назареттік Иса екенін естіп: «Дәуіттің Ұрпағы Иса, маған рақым ете көріңіз!» — деп айқайлай бастады.
48Көпшілігі оған ұрсып, үндемеуді бұйырды; бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы, маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.
49Иса тоқтай қалып: «Шақырыңдар оны!» — деп бұйырды. Олар соқыр адамға: «Көтер еңсеңді, түрегел! Ол сені шақырып жатыр», — деді.
50Бартімей жамылғысын шеше ұшып тұрып, Исаға жетіп келді.
51Иса:
— Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Зағип:
— Ұстаз, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді.
52Иса оған:
— Жүре бер, сен сенімің арқылы құтқарылдың, — деді. Сол сәтте-ақ оның көзі ашылып, көретін болды! Содан Бартімей Исаға еріп жолға шықты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.