Заңды қайталау 11 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Иеге мойынсұнудың артықшылығы

1Сонымен өз Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Оның бұйрықтары мен ережелерін, шешімдері мен өсиеттерін әрқашан берік сақтаңдар!

2Біліп алыңдар, мен бүгін сендердің балаларыңа сөйлеп жатқан жоқпын. Өйткені олар (кейінірек дүниеге келгендіктен) Құдайларың Жаратқан Иенің түзетіп тәрбиелеуін көріп, бастарынан кешірген емес: Оның ұлылығын, алға созылған құдіретті қолын,

3Мысыр елінде патшасы перғауын мен оның бүкіл халқына жасаған кереметтері мен ғажап істерін: осылардың бәрін олар көрген емес.

4Жаратқан Иенің мысырлықтардың әскеріне, аттары мен соғыс күймелеріне не істегенін, сендерді қуып келе жатқан оларды Қамысты теңіздің суына батырып, толығымен жойып жібергенін де көре алған жоқ.

5Олар Жаратқан Иенің сендерге иен далада уәделі елге жеткен осы кезге дейін қалай қамқорлық жасағанын да көрген жоқ.

6Жаратқан Ие рубендік Елияптың ұлдары Датан мен Абиронды жазалап, бүкіл Исраил халқы тұрған жердің ортасы қақ айырылып, сол адамдарды бүкіл отбасыларымен, барлық шатырларымен, малдарымен жұтып қойған кезді көрген де балаларың емес.

7Ал Жаратқан Иенің жасаған осы ұлы істерін өз көздеріңмен көрген сендерсіңдер.

8Сондықтан, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған барлық өсиеттерді берік сақтаңдар! Сонда сендердің өзеннің арғы жағындағы елге кіріп, оны иемденіп алуға күш-қуаттарың жететін болады,

9әрі Жаратқан Иенің ата-бабаларыңа және олардың ұрпақтарына беруге антпен уәде еткен елінде: ағы мен балы ағыл-тегіл елде өмірлерің ұзақ болады.

10Сендер енейін деп жатқан осы ел өздерің шығып келген Мысыр еліне ұқсамайды. Онда сендер тұқым сеуіп, бақшада істегендей арық қазып, ауыр жұмыс істеп оны суғаратын едіңдер.

11Жоқ, сендер иемденейін деп жатқан осы ел көктен жауған жаңбырмен суғарылатын қыратты да аңғарлы жер.

12Бұл елге Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі қамқорлық жасайды. Жылдың басынан аяғына дейін Ол сол елді ұдайы назарында ұстайды.

13Сонымен, бүгін мен өздеріңе беріп отырған мына өсиеттеріме мұқият құлақ түріңдер: «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оған шын жүректен және бүкіл жан дүниелеріңмен қызмет етіңдер».

14Егер солай істесеңдер, онда Ол елдеріңе күзгі де, көктемгі де жаңбырды мезгілінде жаудырып тұратын болады. Осылайша сендер астықты, жүзім шырынын және зәйтүн майын уақытында жинап, дайындап алатын боласыңдар.

15Жаратқан Ие малдарың үшін далаларыңда шөпті қалың қылып өсіреді, сонда тамақтарың тоқ болып, тойынасыңдар.

16Бірақ сақ болыңдар, әйтпесе азғырылып, бөтен тәңірлерге бет бұрып, оларға жүгініп құлшылық етіп кетесіңдер.

17Егер солай етсеңдер, онда Жаратқан Иенің лаулаған қаһары сендерге қарсы лап етеді. Ол аспанды жауып, жаңбырды жаудырмай қояды. Сонда жер өнімін бермей, сендер көп ұзамай Жаратқан Иенің өздеріңе табыстаған елінде құрып, жоқ боласыңдар.

Құдайдың тәлімін сақтап, балаларыңа үйретіңдер!

18Ендеше мен айтқан осы сөздерді жүректеріңе, жан дүниелеріңе және ақыл-саналарыңа тоқып алыңдар! Олар қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын.

19Балаларыңа да бұл сөздерді үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!

20Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар.

21Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларыңа беруге антпен уәде еткен елде өздерің де, бала-шағаларың да аспан өз орнында тұрғанша ұзақ өмір сүретін боласыңдар.

22Мен бүгін өздеріңе ұстануға тапсырып отырған, «Құдайларың Жаратқан Иені сүйіңдер, Одан ажырамастай берік ұстанып, Оның жолдарымен жүріңдер!» деген өсиеттерді тұрақты сақтайтын болыңдар!

23Сонда Жаратқан Ие елдегі халықтардың барлығын алдарыңнан қуып шығады. Олардың саны мен күші өздеріңнен басым болса да, сендер елді иемденіп аласыңдар.

24Қай жерге аяқ бассаңдар, сол жер сендердікі болады. Жерлерің оңтүстіктегі Негев даласынан Ливан тауларына дейін, Евфрат өзенінен батыстағы теңізге дейін созылатын болады.

25Ешкім сендерге қарсы тұра алмайды. Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе уәде еткеніндей, қайда барсаңдар да, бүкіл елдегі адамдардың бәрін сендерден қорқып үрейленетін етеді.

26Бүгін сендерге таңдауға жарылқау мен қарғысты ұсынып отырмын.

27Егер сендер өз Құдайларың Жаратқан Иенің бүгін мен арқылы тапсырып отырған өсиеттеріне құлақ ассаңдар, онда жарылқанатын боласыңдар.

28Ал егер Жаратқан Иенің өсиеттеріне құлақ аспай, орындамасаңдар, әрі өздеріңе бейтаныс, бөтен тәңірлердің соңына түсіп, мен бүгін сендерге нұсқаған жолдан тайып кетсеңдер, онда қарғысқа ұшырайтын боласыңдар.

29Құдайымыз Жаратқан Ие сендерді иемденгелі отырған осы елге кіргізгеннен кейін, Гәризим тауынан жарылқауларды, Ебал тауынан қарғыстарды жариялаңдар.

30Сол екі тау Иордан өзенінің арғы жағындағы елсіз алқапта Ғылғалға қарама-қарсы тұрып жатқан қанахандықтардың аймағында, алып емен ағаштары өсіп тұрған Мореге жақын жерде, батысқа қарай бағытталған жолдың бойында орналасқан.

31Енді Иордан өзенінен өтіп, Құдай Иеміз сендерге табыстап отырған елге еніп, оны иемденейін деп тұрсыңдар. Соған еніп, қоныстанып алғаннан кейін

32мен өздеріңе бүгін табыстап отырған барлық ережелер мен шешімдерді сақтап орындаңдар.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help