Езекиел 27 - Киелі кітап(QazBi2010)

Тир қаласына арналған жоқтау

1Жаратқан Ие маған тағы сөзін арнап былай деді:

2«Ей, пендем, Тирге арнап жоқтау айт.

3Тир теңізге шығар қақпада билік етіп, көптеген аралдармен және жағалаулардағы халықтармен сауда-саттық жасайтын. Сонымен Тир жайлы былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады:

Уа, Тир, сен өзіңді: «Мен керемет көріктімін!» деген едің.

4Сенің шекараларың теңіздің ортасына дейін жететін. Сәулетшілерің көркіңді кемеліне келтірді.

5Сен бір кеме сияқты болдың, тақтайларыңды Хермон тауының қарағайынан дайындады. Діңгегің ливандық самырсыннан болды.

6Ескектеріңді Башанның емендерінен ойып жасады. Үстіңгі қабатыңның еденін Кипр жағалауынан әкеліп, пілдің сүйегімен әшекейленген кипарис ағашынан төседі.

7Желкендеріңді мысырлық кестелі бәтестен тікті. Олар жалауың іспетті үстіңде жайқалып тұрды. Үстіңгі шатырың (Кипр аралындағы) Елишаның жағалауларынан әкелінген қою күлгін және күрең қызыл бәтестен жасалды.

8Ескекшілерің Сидон мен Аруадтан шыққан финикиялықтар, ал епті кеме жүргізушілерің өз шеберлеріңнен еді, уа, Тир қаласы!

9Кеме түбінің тесік-саңылауын бітеп жөндеу үшін гебалдық тәжірибелі аға шеберлер де өзіңде бар болатын, теңізде жүзетін күллі кемелер саудаласу үшін саған тоқтайтын.

10Ей, Тир қаласы, парсылар, лүдиялық және либиялық адамдар жасақшы болып сенің қалың қолыңда қызмет ететін. Олар қамалыңның қабырғаларына қалқан-дулығаларын іліп, өзіңе салтанат әперген болатын.

11Аруадтықтар кіликиялықтармен бірге бар қамал қабырғаларыңның үстінде орналасып, ғамадтықтар мұнараларыңда қызмет атқаратын. Олар қамалыңның қабырғаларын айналдыра іліп қойған қалқан-қорамсақтарымен көркіңді кемеліне жеткізді.

12Сен әр түрлі тауарларға бай болғандықтан Тарсис та сенімен сауда-саттық жасады. Олар тауарларыңды күміс, темір, қалайы және қорғасынға айырбастап сатып алатын.

13Грекиялық, тұбалдық және мешехтік саудагерлер де өзіңмен саудаласып, тауарларыңа адам басымен және қола бұйымдармен төлейтін.

14Бет-Тоғарма алып келген жұмыс жылқыларын, шайқаста мінетін аттарын және қашырларын сенің тауарларыңмен алмастыратын.

15Өзіңмен дедандықтар да сауда-саттық жасайтын, көптеген басқа аралдар мен жағалау елдері де сенімен тауарларын айырбастайтын. Олар саған төлем ретінде пілдің азу сүйегі мен қара ағаш әкелетін.

16Бұйымдарың ағыл-тегіл мол болғандықтан, Арама елі де сенімен алыс-беріс жасайтын. Олар тауарларыңды зүбәржат, інжу-маржан, лағыл іспетті асыл тастар және күрең қызыл, кестелі не ақ бәтес маталар беріп, сатып алатын.

17Яһуда мен Исраил елдері де өзіңмен саудаласатын. Тауарларыңа олардың беретіні — (Аммон елінен әкелінген) миниттік бидай, тәтті тағамдар, бал, зәйтүн майы және май дәрі болатын.

18Бұйымдарың ағыл-тегіл мол әрі байлығың зор болғандықтан Дамаск қаласы саған хелбондық шарап және ақшыл жүн әкеліп, сауда-саттық жасайтын.

19Узалдан дандықтар мен гректер де келіп, сенің тауарларыңның орнына қақталған темір, дәмқабық ағашының кептірілген гүлдерін және хош иісті құрақ беретін.

20Дедан шұратының саудагерлері мініс малына арналған ер-тоқымдық матамен сауда жасайтын.

21Сен Арабиямен және Қидардың барлық әміршілерімен де саудаласып, олардан тоқты, қошқар, ешкі сатып алатынсың.

22Сәба мен Рахаманың саудагерлері де сенімен сауда-саттық жасасты. Олар тауарларыңа ең сапалы дәмдеуіштерін, асыл тастары мен алтынын алып келетін.

23(Арамадағы) Харан, Хане, Еден қалалары және Сәбаның, Ассур мен Хилмадтың саудагерлері де өзіңмен алыс-беріс жасайтын.

24Сенің базарыңда олар қымбат, сәнді шапандар, көк, қою күлгін және кестелі маталармен, әрі баулары берік иіріліп, тығыз байланған түрлі түсті кілемдермен сауда-саттық жасайтын.

25Алып сауда кемелері тауарларыңды басқа жақтарға жеткізетін. Осылайша теңіздегі аралда орналасқан сен байлыққа кенелдің де, даңқың кеңінен жайылды.

26Ескекшілерің сені ашық теңізге алып шығатын. Ал енді шығыстан соққан «дауылды жел» теңіздегі сені қиратпақ.

27Бар байлығың, тауарларың мен бұйымдарың, теңізшілерің мен кеме бастықтарың, тесік-саңылауларды бітеп жөндеуші шеберлерің, саудагерлерің және барлық жасақшыларың өзіңде болғандардың бәрімен бірге талқаның шыққан күні теңіз түбіне кетіп құриды.

28Кеме басқарушыларыңның айқайынан тіпті жағалаудағы дала да сілкінбек.

29Күллі ескекшілер де кемелерін тастап кетіп, теңізшілер мен кеме басқарушылары да жағада тұрып,

30сені ойлап бар дауыспен зар еңіреп, жоқтау айтып ащы көз жастарын төгеді. Олар бастарына топырақ шашып, қатты қайғырып күлге аунайды,

31әрі сені жоқтап шаштарын тақырлап алып тастап, азалы киім киеді. Содан олар жүректері сыздап, зар еңіреп жылап,

32сен үшін былай деп жоқтау айтатын болады:

— Теңіз ортасындағы Тир сияқты үні өшкен қала болды ма екен, сірә?

33Тауарларың теңіздің ар жағынан келгенде, көптеген халықты қамтамасыз еттің. Өзіңнің мол байлығыңмен, саудаңмен әлемдегі патшаларды байытатын едің.

34Ал енді сен теңізде ойрандалып, тұңғиыққа шөгіп жоғалдың. Барлық тауарларың мен адамдарың өзіңмен бірге суға батып кетті.

35Аралдар мен жағалаудағы елдердің бәрі саған қарап аңтарылып, жандары түршігеді. Олардың патшаларының зәре-құты қалмай, өңдері қашқан.

36Басқа ұлттардың саудагерлері саған қарап мазақтап ысқырады. Себебі сен қорқынышты күйреуге ұшырап, бұдан былай еш болмайсың».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help