Нақыл сөздер 8 - Киелі кітап(QazBi2010)

Даналықтың уәде еткен сый-тартулары

1Даналық шақырып жатыр емес пе,

Ақыл-парасат дауыстап тұр емес пе?

2Жол жиегінде, биік орындарда

Тұр әрі жол тораптарында.

3Қала қақпаларының төңірегінде,

Халық өтетін кіреберістерде,

Даналық былай деп мәлімдеуде:

4«Уа, халайық, сендерді шақырамын,

Бар адамзатқа дауыстап айтамын:

5Аңқаулар, енді үйреніңдер,

Аңғалдар, түсінік иеленіңдер,

6Тыңдаңдар мені, асыл сөз айтпақпын,

Ақиқат — барлығы да айтарымның.

7Шындық — аузымнан шыққан сөздің бәрі,

Өтірік айту маған аса жиренішті.

8Менің сөздерімнің бәрі де дұрыс,

Ешқайсысы емес арам не бұрыс.

9Саналыға барлығы түсінікті,

Білімдіге мінсіз де әділетті.

10Күмістен гөрі ал менен тәлімді,

Саф алтыннан гөрі қабыл ал білімді.

11Даналық асыл тастардан да құнды,

Аңсаған еш нәрсең оған тең келмейді».

Даналықтың ақыл-кеңесі мен жемісі

12«Мен даналықпын, парасат бар қасымда,

Саналы білім тауып аламын да.

13Жаратқанды қастерлеп, мойынсұну,

Бұл — жамандық атаулыны жек көру.

Жек көремін мен паңдық пен менмендікті,

Жаман іс-әрекет пен бұрма сөзді.

14Менде ақыл-кеңес бар, адал сана,

Иемін парасат, күш-қуатқа да.

15Мен арқылы патшалар билік құрады,

Әкімдер әділ заңдар шығарады.

16Әміршілер мен арқылы басқарады,

Төрелер әділ үкім шығарады.

17Мен де сүйемін өзімді сүйгенді,

Іздеп жүрген тауып алады мені.

18Сыйлайтын абырой-байлық бар менде,

Жоғалмас қазына мен әділдік те.

19Беретін жемісім алтыннан құнды,

Ол тіпті саф алтыннан да бағалы,

Шығаратын өнімім менің таңдаулы,

Күмістен де әлдеқайда жоғары.

20Әділетті жолмен жүре беремін,

Ақиқат жолынан ешбір таймаймын.

21Мені сүйгендерге игілік сыйлаймын,

Қазыналарын толтыра беремін».

Даналықтың ежелгі болмысы

22«Жаратқан Иенің меншігі болатынмын

Ежелгі істерін Ол жасамастан бұрын.

23Бұл дүние жаралмай тұрып, әуелден

Мәңгілікте мен тағайындалғанмын.

24Пайда болдым терең теңіз болмағанда,

Суға толы қайнарлар ақпағанда,

25Таулар әлі де орнамай тұрғанда

Тудым, һәм төбелер жоқ болғанда,

26Тәңір Ие әлі жаратпастан бұрын

Жер, дала, әлемнің алғашқы топырағын.

27Сонда болдым Ол аспанды орнатқанда,

Теңіздің бетінде көкжиекті сызғанда.

28Жаратушы бұлттарды аспанда орнатқанда,

Тереңнен қайнар көздерді нығайтқанда,

29Теңіз суының ауқымын шектегенде,

Өз еркінен тыс тасытпай тежегенде

Әрі дүниенің негізін белгілегенде,

30Оның қасындағы сәулетші мен болғанмын,

Күнде Оны қуантып, алдында шаттандым.

31Жаратқанның әлемінде көңілдендім,

Адамзатқа да шат-шадыман болдым».

Даналықтың пайдасы, надандықтың зияны

32«Сонымен, жастар, маған құлақ салыңдар,

Қандай бақытты — жолымды сақтағандар!

33Өсиетімді тыңдап, дана болыңдар,

Еш уақытта одан бас тартпаңдар!

34Қандай бақытты — күнде маған құлақ асқан,

Сергек боп қақпамда өзімді күтіп тұрған.

35Өйткені мені тапқан шынайы өмір табады,

Жаратқан Иенің ризашылығын алады.

36Ал менен безген өзіне зиян салар,

Мені жек көрген әркім өлімді ұнатар».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help