Езекиел 33 - Киелі кітап(QazBi2010)

Пайғамбардың Исраилдің күзетшісі ретіндегі ескерту сөзі

1Бірде Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

2«Пендем, өз халқыңа тіл қатып былай де:

Мен бір елге қарсы жау әскерін келтіргенде, елдің адамдары өз араларынан біреуді таңдап алып, оны күзетші болуға тағайындайды дейік.

3Күзетші сол елге аттанып келе жатқан жауды көріп, халыққа ескерту үшін керней тартып дабыл қағады.

4Соған құлақ аспаған әр адам жау келіп, өзін жойғанда өліміне өзі айыпты болады.

5Сондай адам кернейдің сақтандырған даусын естісе де, оған құлақ асқан жоқ. Сондықтан өз өліміне өзі кінәлі болады. Себебі егер соған құлақ асқан болса, ол жанын сақтап қалған болар еді.

6Ал егер күзетші жаудың аттанып келе жатқанын көрсе де, халықты сақтандыру үшін керней тартып дабыл қақпаса, әрі жау тап беріп, адамдардың біреуін өлтірсе, онда сол адам өз кінәсі үшін өледі. Бірақ оның төгілген қаны үшін Мен күзетшіні жауапқа тартамын.

7Сонымен, пендем, Мен сені Исраил халқына күзетші пайғамбар етіп тағайындадым. Сондықтан Менің аузымнан шыққан сөзімді естіген сайын, халыққа Менің атымнан ескерту жаса!

8Егер Мен зұлым жанға: «Ей, зұлым адам, сен жазаңды тартып сөзсіз өлесің!» деген хабарымды өзің арқылы жіберсем, ал сен оны жаман істері жайлы ескертпесең, онда сол зұлым адам өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. Оның төгілген қаны үшін Мен сені жауапқа тартамын.

9Ал егер сен сол әділетсіз адамға жаман істері жайлы ескертіп, ол бәрібір теріс жолынан қайтпаса, онда ол өз күнәсінің жазасын тартып өледі. Бірақ сен өміріңді сақтап қаласың».

Құдайдың әділдігі әрі мейірімділігі

10«Ал енді, пендем, Исраил халқына былай де: Сендер «Біздің Құдайға бағынбай жасаған заңсыз іс-әрекетіміз және күнәларымыз үстімізден ауыр жүктей басып тұр. Біз солардан езіліп құрып бара жатырмыз. Ендеше қалай өмір сүре аламыз?» деп жүрсіңдер.

11Оларға былай деп жауап бер: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп мынаны айтады: Мен зұлымның өлімін емес, оның теріс жолынан қайтып, өмір сүре бергенін қалаймын. Кері бұрылыңдар! Теріс жолдарыңнан қайтыңдар, уа, Исраил халқы! Әйтпесе сендерге өліп не бар?!

12Ал сен, пендем, өз халқыңа мынаны жеткіз: Егер әділ жан Құдайға қарсы бас көтеріп күнә жасайтын болса, бұрынғы әділдігі енді оны құтқара алмайды. Ал егер зұлым адам өкініп, Құдай жолына түссе, онда ол зұлымдығы үшін тартуға тиісті жазасынан құтылады. Сонымен әділ адам күнәға батқан кезде өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп өмір сүре алмайды.

13Сол сияқты, Мен әділ адамға: «Сен шүбәсіз өмір сүре бересің!» десем, бірақ ол өзінің бұрынғы әділдігіне сүйеніп күнә жасауға кіріссе, онда Мен оның әділ істерінің ешқайсысын ескермеймін. Сол адам жасаған әділетсіз істеріне бола өлімге бұйырылады.

14Алайда Мен зұлым адамға: «Сен шүбәсіз өлесің!» деген соң, ол күнәсін тастап, теріс жолынан қайтып, әділ де ізгі істерді істейтін болады дейік.

15Мысалы, сол зұлым адам бейшара жаннан кепілге алғанын да, біреуден тонап алғанын да қайтарып береді, әрі Менің шынайы өмірге бастайтын жолымды ұстанып, енді қайтып зұлымдық істемейді дейік. Егер ол солай істейтін болса, онда өлімге бұйырылмай, өмір сүре береді.

16Бұрын жасаған күнәларының ешқайсысын Мен бұдан былай ескермеймін. Сол адам әділ де ізгі істерді істегендіктен еш шүбәсіз тірі қалады.

17Алайда сенің халқыңның адамдары: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп шағымданады. Жоқ, керісінше, олардың өздерінің істегендері әділ емес!

18Егер әділ адам өзінің әділ іс-әрекетінен бас тартып, күнә жасауға кіріссе, онда ол сол үшін өлімге бұйырылады.

19Ал егер зұлым адам зұлымдықтан бас тартып, әділ де ізгі істерді істейтін болса, онда ол соған сүйеніп өмір сүре береді.

20Бірақ сендер сонда да: «Тәңір Иенің осылай істегендері әділ емес!» деп қарсылық білдіріп жатырсыңдар. Уа, Исраил халқы, Мен сендердің әрқайсыңа істеген істеріңе сәйкес үкім шығарамын!»

Иерусалимнің қиратылуының себептері

21(Біздің Бабыл еліне жер аударылғанымыздан кейінгі) он екінші жылдың оныншы айының бесінші күні Иерусалимнен қашып келген бір кісі маған: «Қала жаудың қолына түсті!» — деген хабарды жеткізді.

22Мұның алдындағы кеште Жаратқан Иенің рухани құдіреті маған тағы да қонған еді. Әлгі босқын келердің алдында Жаратқан Ие маған сөйлей алатын қабілетімді қайтадан дарытқан болатын. Сондықтан мен енді мылқау болмай, сол кісімен сөйлесе алдым.

23Кейінірек Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

24«Пендем, Исраил елінде қалып, қираған қалаларды мекендегендер былай деп жүр: «Ыбырайым осында жалғыз өзі келген еді. Сонда да ол бүкіл елді иемденіп алды. Ал біз көппіз ғой! Сондықтан осы ел, әрине, біздің меншігімізге берілген!»

25Сол себепті оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Сендер етті қанын ағызбай жей бересіңдер, жалған тәңірлерге табынасыңдар, адам қанын төгесіңдер. Сонда елге тұрақты иелік етпексіңдер ме?!

26Семсерге арқа сүйеп, жексұрын зұлымдық жасайсыңдар! Әрбіреуің көршіңнің әйелімен неке адалдығын бұзасыңдар. Сөйте тұра, сендер елдің тұрақты иелері бола бермексіңдер ме?!

27Оларға тағы былай де: Мәңгі тірі Жаратушы Тәңір Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Елдегі қирап жатқан үйлерде тұрып жатқандар семсерден мерт болады. Айдаланы кезіп жүргендерді жыртқыш аңдарға жем қыламын. Бекіністі жерлер мен үңгірлерде тұрып жатқандар індеттен қырылады.

28Мен бұл елді қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырамын. Оның тәкаппар қуаты мүлдем құриды. Исраилдің таулы жері де қаңырап, олар арқылы ешкім өтпейтін болады.

29Мен осы елді олардың барлық жексұрын күнәларына бола қаңыратып, қорқынышты далаға айналдырғанымда, олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.

30Ал, пендем, өз халқыңның адамдары үйлерінің қабырғалары мен есіктерінің маңында сен туралы былай десіп тұр: «Жүр, Жаратқан Ие не айтты екен, соны біліп келейік!»

31Сөйтіп олар әдеттегідей саған келіп, Менің халқымның адамы болып алдыңда отырады. Алайда сенің айтқан сөздеріңді тыңдаса да, соларды орындамайды. Олар жағымпаздана сөйлегенде, жүректерінде өздерінің арам пайдаларын ғана ойлап тұрады.

32Ал сен олар үшін керемет дауыспен махаббат әнін шырқап, аспапта жақсы ойнайтын сияқтысың. Себебі олар айтқандарыңды естиді, бірақ оларды орындамайды.

33Бұның бәрі жүзеге асқанда — ал ол міндетті түрде жүзеге асады! — олар өздерінің араларында нағыз пайғамбардың бар болғанын білетін болады».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help