1Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
2— Шегіп жүрген азабым өлшенсе ғой, бар қасіретім таразыға тартылса ғой!
3Олар теңіздің құмынан да ауыр болар еді. Сөздерімнің ағат екендігі содан да.
4Өйткені құдіреті шексіз Тәңірдің жебелері денеме қадалды, жаным солардың уын ішуде. Иә, Құдай мені әбден қорқытатын жайттарды өзіме қарсы даярлап қойды!
5Құланның көк майса шөбі болса, азынай ақыра ма? Өгіздің жейтін пішені болса, қинала өкіре ме? (Ал мен мүшкіл жағдайымда дауыстап шағымданбаймын ба?)
6Жұрт дәмсіз тамақты тұзсыз жей ме, әлде жұмыртқа ағының бір өзін ғана ұната ма?
7Ондай тамақтан ауыз тигім келмейді, (жаңағы айтқан сөздерің де) мен үшін құстыратындай жиренішті!
8Тілегім жүзеге асса екен, Құдай аңсағанымды берсе екен!
9Құдай мені езіп тастаса ғой! Қолына ерік беріп, мені құртса ғой!
10Сонда әлі де мынадан жұбаныш тауып, риза болар едім: Қатты ауырып жатсам да, Киелі Құдайдың сөздерінен еш бас тартқан емеспін!
11Ал енді, менің үміттене күтетіндей күшім, әлде өміріме төзетіндей мақсатым бар ма?
12Менде тастай қатты күш те, қоладай қатты дене де жоқ!
13Рас, көмектесерлік еш қуатым жоқ, жетістік атаулы да менен алшақтап кетті.
Әйүптің үш досынан түңіліп, өз әділдігін қорғауы14Өмірден күдері үзілген адамға досы мейірім көрсетуі керек. Ал сендер (мені айыптап) құдіреті шексіз Тәңірді қастерлемейсіңдер.
15Сөйтіп сендер де, уа, бауырларым, маусымдық өзендер секілді сенімсіз болып шықтыңдар.
16Көктемде сол өзендер еріп жатқан қар мен мұзға толып, лайланып, асып-тасып, арналарынан шығады.
17Бірақ қуаңшылық басталғанда, олардың суы азайып, ыстық кезде мүлдем тартылып қалады.
18Сонда керуендер өз бағытынан бұрылып, сол өзендерді іздейді, бірақ шөлде лағып, құриды.
19Темалық керуендер суды аңсап іздейді, Сәбаның саудагерлері де одан үміттенеді.
20Су бар деп сеніп келген олар оны таппай абдырайды.
21(Уа, жолдастарым,) мен үшін қазір сендер де сондай өзендер іспетті жарамсыз болып қалдыңдар! Қорқынышты азабымды көріп, зәрелерің ұшып кетті.
22Ал сендерге: «Маған сый беріңдер» деп пе едім? Яки: «Өз байлықтарыңнан мен үшін төлем төлеңдер»,
23әлде: «Мені жауымның қолынан арашалаңдаршы», немесе: «Жауыз дұшпанның қолынан құн төлеп құтқарып алыңдаршы» деп жалына сұрап па едім?
24Енді маған тәлім беріңдер, сонда үндемеймін. Тура жолдан адасқан болсам, сонымды көрсетіңдерші!
25Әрине, әділ сөздер адамның жанын сыздатады. Ал сендердің сын сөздерің нені дәлелдейді?
26Менің сөздерімді жоққа шығарғыларың келе ме? Өмірден түңілген адамның сөздерін бос сандырақ деп санайсыңдар ма?
27Өздерің тіпті жетімдер үшін жеребе тастап, оларды иеленіп, достарыңды саудаға салудан да тайынбас едіңдер, сірә.
28Ал енді, маған назар салыңдаршы! Көздеріңе тура қарап тұрып өтірік айтпаймын ғой.
29Қойыңдар енді, әділетсіз болмаңдар! Тоқтатыңдар, менің әділдігіме дақ түсірмеңдер!
30Әлде аузымнан өтірік шықты ма?! Таңдайым жалғандықтың дәмін ажырата алмай ма?!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.