1Бірде парызшылдар және Иерусалимнен келген бірнеше дін мұғалімдері Исаның қасына жиналған еді.
2Олар Оның кейбір шәкірттерінің діни қол жуу рәсімін орындамай нан жеп отырғандарын байқады.
3Ал парызшылдар, тіпті яһудилердің бәрі дерлік, ата-бабаларынан қалған әдет-ғұрыпқа сай қол жуу рәсімін ұқыптылықпен орындамай тамақ ішпейтін.
4Олар базардан қайтып келгеннен кейін суға түсу рәсімінен өтпейінше, дастарқан басына да отырмайтын. Сондай-ақ, ыдыс-аяқтары мен құмыраларын, қазандары мен орындықтарын да діни рәсімге сай жуып-шаюды, әрі сол секілді тағы басқа көптеген дәстүрлі салттарды берік ұстанатын.
5Сондықтан парызшылдар мен дін мұғалімдері Исаға:
— Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге сай істемейді? — деген сұрақ қойды. — Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен!
6Исаның жауабы мынау болды:
— Екі жүзді сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен! Оның жазбасында былай делінген ғой: «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ.
7Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құрметтегенсиді, ал солары бекершілік!»
8Себебі сендер Құдайдың өсиеттерінен бас тартып, адам ойынан туған дәстүрлерді ұстанып жүрсіңдер, — деді.
9Иса сөзін жалғастырып оларға мынаны да айтты:
— Өз дәстүрлеріңді сақтау үшін Құдайдың өсиеттерін былай қойып, оларды менсінбеулерің қандай «жақсылық»?!
10Құдай Мұса пайғамбар арқылы: «Ата-анаңды сыйла!» және: «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой.
11Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен құрбан етіп қойдым, яки Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер.
12Осылайша сол адамның әке-шешесіне ешқандай көмек бермей, оларды сыйламауына жол бересіңдер.
13Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңді орнатып, Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! Бұған ұқсас тағы басқа да теріс қылықтарды көптеп істеп жүрсіңдер.
14Иса жиналған халықты қайтадан қасына шақырып алды да, оларға былай деді:
— Бәрің де сөзіме құлақ салып, мынаны жақсылап ұғып алыңдар:
15-16адам бойына сырттан енген еш нәрсе де оны арамдай алмайды. Керісінше, ішінен шыққандары адамды арамдайды. (Құлағы барлар жақсылап тыңдасын!)
17Иса халықтың қасынан кетіп, бір үйге кіргеннен кейін, шәкірттері жаңағы астарлап айтқандарының мәнісін сұрады.
18— Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. — Бойына сырттан енген тағамдар адамды арамдай алмайды. Мұны шынымен ұқпайсыңдар ма?
19Себебі олар жүрекке емес, тек асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді. — Осылай Иса барлық тағамдардың да адал екенін айтты.
20Ол тағы да былай деді: — Адамды арамдайтын — оның ішкі дүниесінен шыққандары!
21Себебі адамның ішкі дүниесінен, яғни оның жүрегінен, шығатындар мыналар: жаман ойлар, азғындық, неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру,
22ұрлық, ашкөздік, зұлымдық, алдаушылық, жүгенсіздік, қызғаныш, жамандау, тәкаппарлық және ақымақтық.
23Осындай арамдықтардың бәрі адамның ішкі дүниесінен шығып, оның өзін арамдайды.
Шетелдік әйелдің Мәсіхке деген зор сенімі24Иса сол жерден жолға шығып, Тир (мен Сидон) аймағына барды. Өзін жергілікті халыққа танытқысы келмей, бір үйге кірді. Алайда Ол бейтаныс болып қала алмады.
25Себебі Оның келгені туралы естіген бір әйел дереу жақындап, аяғына жығылып тағзым етті.
26Әйел Исраил халқынан емес, (Құдайға сенбейтін) Сириядағы Финикия өлкесінен болатын. Оның жын соққан жас қызы бар еді. Әйел Исадан қызындағы жынды қуып шығаруын сұрады.
27Бірақ Иса оған:
— Алдымен «балалар» жеп тойсын: «Балалардың нанын алып қойып, үй күшіктеріне тастау дұрыс емес», — деді. Әйел:
28— Айтқаныңыз дұрыс, Тақсыр! Дегенмен «үй күшіктері» де сәбилердің дастарқанынан түскен ұсақ-түйек қалдықтармен қоректенеді ғой? — деп жауап берді.
29Сонда Иса:
— Мұны дәл айттың. Сол үшін үйіңе қайта бер, жын қызыңның бойынан шығып кетті, — деді.
30Әйел үйіне қайта оралған соң, қызының жынынан арылып, төсекте тыныш жатқанын көрді.
Мәсіхтің көптеген шетелдіктерді сауықтыруы31Иса Тирден кетіп, Сидон арқылы Ғалилея көліне оралып, Онқала аймағына барды.
32Сол жерде адамдар Исаға саңырау, тілі мүкіс біреуді алып келді. Олар Исадан оның үстіне қолын қойып бата беруін өтінді.
33Иса сол кісіні көпшіліктен былайырақ алып шығып, екі саусағын оның құлақтарына тықты. Бұдан кейін түкіріп тастап, қолын кемтар адамның тіліне тигізді,
34әрі көкке қарап күрсініп, оған: «Еффата!» яғни «Ашыл!» — деді.
35Сол сәтте-ақ адамның құлақтары ашылды және тілінің байлауы шешіліп, айқын сөйлеп кетті!
36Иса жұртқа бұл туралы тіс жармауға бұйырды. Алайда Ол неғұрлым қатаң тыйым салғанмен, халық болған оқиғаны соғұрлым кеңірек жариялады.
37Олар әбден қайран қалып: «Ол істеген әр нәрсе де керемет жақсы! Тіпті саңырауларды еститін, мылқауларды сөйлейтін қылады!» — деп таңғалысты.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.