1Құдайымыз Жаратқан Иенің маған сендерге үйретуге бұйырған өсиеттері, ережелері және шешімдері, міне, осылар. Сендер өзеннен өтіп кіріп, иемденгелі тұрған елде оларды орындауларың қажет.
2Өздерің де, балаларың мен немерелерің де Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, қазір мен өздеріңе тапсырып отырған Оның барлық ережелері мен өсиеттерін өмір бойы сақтап орындауға тиіссіңдер. Сонда өмір жастарың ұзақ болады.
3Сонымен, уа, Исраил халқы, сөздеріме құлақ салып, оларды мұқият орындайтын бол! Сонда ағы мен балы ағыл-тегіл елде игілікті өмір сүріп, молынан өсіп-өнетін боласың. Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие мұны саған уәде етті.
4Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!
5Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!
6Бүгін Мен өздеріңе тапсырып отырған осы сөздер жүректеріңнен тұрақты орын алсын!
7Балаларыңа да бұл сөздерді мұқият үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!
8Бұл сөздер қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын.
9Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар.
10Сонда Құдай Ие сендерді Өзі түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа беруге антпен уәде еткен еліне алып барады. Сол елде Ол сендерге өздерің салмаған үлкен де жақсы қалаларды,
11өздерің жинамаған әр алуан жақсы заттарға толы үйлерді, өздерің қазбаған құдықтарды, өздерің отырғызбаған жүзімдіктер мен зәйтүн ағаштарын табыстайды. Ал сендер ішіп-жеп, тойған кезде
12өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен босатып алып шыққан Жаратқан Иені естеріңнен шығарудан сақ болыңдар!
13(Уа, Исраил,) Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет! Оның атымен ғана ант беретін бол!
14Айналаларыңдағы тұрып жатқан ұлттар табынатын жалған тәңірлердің жолдарымен жүрмеңдер!
15Себебі араларыңда тұратын Құдайларың Жаратқан Ие сендердің басқа тәңірлерге табынуларыңа еш төзбейді. Әйтпесе Оның лаулаған қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді жер бетінен құртып жібереді.
16(Уа, Исраил,) Масада істегеніңдей, Құдай Иеңді еркінсіп сынама!
17Құдай Иенің өздеріңе бұйырған өсиеттерін, нұсқауларын және ережелерін берік сақтаңдар!
18Жаратқан Иеге ұнамды әділ істерді істеңдер! Сонда сендер игілікті өмір сүріп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемденесіңдер,
19әрі Жаратқан Иенің айтқанындай барлық жауларыңды қуып шығасыңдар.
Құдайдың заңын балаларға үйрету20Болашақта балаларың өздеріңнен: «Құдай Иеміздің сіздерге өсиеттеген ережелері, жарлықтары және шешімдерінің мағынасы қандай?» деп сұраса,
21онда оларға былай деп жауап беріңдер: «Біз Мысырда перғауынның құлдары болып жүрген едік. Бірақ Жаратқан Ие бізді сол елден Өзінің құдіретті қолымен құтқарып алып шықты.
22Сонда Жаратқан Ие көз алдымызда Мысырға, перғауын мен оның бүкіл үй-ішіне қарсы ғажап кереметтер істеп, ғаламат зор апаттар жіберді.
23Осылайша Ол бізді ата-бабаларымызға антпен уәде еткен елге жеткізу үшін Мысырдан алып шықты.
24Жаратқан Ие әрқашан игілікті де аман-есен өмір сүруіміз үшін бізге осы жарлықтардың бәрін орындап, Өзін, біздің Құдайымыз Жаратқан Иені, терең қастерлеуді өсиеттеді. Соның арқасында қазір аман-есен өмір сүріп жатырмыз да.
25Құдай Иеміз бізге тапсырғандай осы өсиеттердің бәрін Оның алдында орындауға қырағы болсақ, онда біз әділ болып табыламыз».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.