Забур жырлары 43 - Киелі кітап(QazBi2010)

Озбырлық көрген халықтың Құдайдан құтқаруын сұрауы

1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)

2Уа, Құдай, Өзіңнің зор құдіретіңмен

Ежелде бабалардың заманында істеген

Керемет істерің жайлы құлағымызбен

Көп естігенбіз әкелерімізден.

3Қыңыр ұлттарды Сен елден қуып шықтың,

Ал бабаларымызды орнықтырдың.

Сол тайпаларды Сен езіп тастадың,

Ал бабаларымызды азат қылдың.

4Бабалар елді семсерімен басып алған жоқ,

Әрі білек күштерімен жеңіп шықкан жоқ,

Мұны істеген — Сенің ұлы құдіретің,

Һәм бет-жүзіңнің нұры: Сен рақым көрсеттің.

5Сен менің Патшам әрі Құдайымсың,

Жақыптың халқына құтқарылу сыйлайсың,

6Сенімен жауларымызды соққылаймыз,

Сенің атыңнан дұшпанды таптаймыз.

7Садағыма артпаймын мен сенімімді,

Құтқара да алмайды семсерім мені,

8Жауларымыздан Сен бізді құтқарасың,

Бізді жек көргендерді масқара қыласың.

9Күн сайын Құдайды айтып мақтанамыз,

Атыңды мәңгілік мадақтайтын боламыз.

10Ал қазір бізді тастап, ұятқа қалдырдың,

Сен жасағымызбен бірге аттанбадың,

11Жауымыздан қашуға мәжбүр қылдың,

Дұшпандарға бізді тонатып қойдың,

12Сойылатын қой іспетті бізді тапсырдың,

Халықтар арасына шашыраттың,

13Өз халқыңды арзанға сатып жібердің,

Біздің құнымызды әбден түсірдің.

14Көршілерімізге бізді қорлаттың,

Маңымыздағыларға мазақтаттың,

15Қыңыр ұлттардың қорлауына қалдырдың,

Оларға бізді елетпей бас шайқаттың.

16Масқарамыз күнде алдымыздан шығады,

Халқымыз ұяттан қара бет болады,

17Жалақордың ұрсуын естіп тұрамыз,

Кек алмақ жаудың бетін көріп тұрамыз.

18Осының барлығына ұшырадық,

Алайда біздер Сені ұмытпадық,

Сенің Келісіміңді де бұзбадық.

19Жүрегіміз Сенен бас тартқан да жоқ,

Аяғымыз жолыңнан тайған да жоқ.

20Сонда да Сен бізді талқандап қираттың,

Елімізді шибөрінің тұрағы еттің,

Ажал қаупін бастарымызға төндірдің.

21Егер Құдайымыздың атын ұмытсақ,

Бөтен «тәңірге» қол жайып сиынсақ,

22Құдай мұны әлде білмес пе еді?

Ол жүректің құпияларын да біледі!

23Ал Сен үшін жау бізді күнде жоюда,

Сойылатын қой деп бізге қарауда.

24Уа, Жаратқан, неге «жатырсың ұйқыда»?

«Серпіліп», бас көтере гөр бізді қорғауға,

Бізден бас тарта көрмеші біржолата!

25Неге бізден бет-жүзіңді жасырасың,

Қайғы мен жәбірімізді ұмытасың?

26Өйткені ажал аузында жандарымыз,

Әрі жерге жабысуда тәндеріміз.

27Тұрып орныңнан, бізді қолдай гөр,

Рақымыңа бола бізді құтқара гөр.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help