Еремия 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Кіріспе: Еремияның қызмет еткен кезеңі

1Мұнда Бунямин руының жеріндегі Анатотта тұрған діни қызметкерлердің бірі — Хелкия ұлы Еремияның пайғамбарлық сөздері берілген.

2Жаратқан Ие оған алғаш рет Яһудаға Амон ұлы Жосия патшалық құрған он үшінші жылы сөзін арнады.

3Содан кейін Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақымның тұсында және Яһудаға Жосия ұлы Седекиях патшалық құрған он бірінші жылына дейін де Жаратқан Ие Еремияға хабарларын жеткізіп отырды. Сол жылдың бесінші айында Иерусалимнің халқы Бабылға жер аударылды.

Еремияның пайғамбар болып тағайындалуы

4Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:

5— Мен сені шешеңнің құрсағында жаратпастан бұрын-ақ білген болатынмын. Анаңның құрсағынан шықпай тұрып-ақ сені өз қызметіме бағыштап, халықтарға пайғамбар болуға тағайындап белгіледім. —

6Сонда мен:

— Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Мен әлі тым жаспын, жұрт алдында сөйлей алмаймын ғой, — дедім.

7Бірақ Жаратқан Ие маған былай деді:

— Әлі тым жаспын деме! Мен сені кімге жіберсем, солардың бәріне барып, не айт десем соның бәрін айтатын боласың!

8Адамдардан қорықпа. Мен саған жар болып, өзіңді аман сақтаймын. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. —

9Бұдан соң Жаратқан Ие қолын созып, аузыма тигізді де: — Міне, сенің аузыңа сөздерімді салып беріп отырмын.

10Бүгін сені ұлттар мен патшалықтарға үстемдік жүргізуге тағайындадым. Сен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоясың, әрі қайтадан тұрғызып, егіп отырғызатын боласың, — деді.

11Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап:

— Еремия, нені көріп тұрсың? — деген сұрақ қойды. Мен:

— Бадам ағашының бір бұтақшасын көріп тұрмын! — дедім.

12Сонда Жаратқан Ие:

— Көргенің дұрыс. Мен де сергек болып айтқан сөзімнің жуырда іске асуын қырағы бақылаймын, — деді.

13Содан соң Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап:

— Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен:

— Бір қазанды көріп тұрмын. Ол қайнап, тасып, солтүстіктен бізге қарай төгілейін деп жатыр, — деп жауап бердім.

14Сонда Жаратқан Ие маған былай деді:

— Дәл сол сияқты апат осы елдің күллі тұрғындарына солтүстіктен шүйілетін болады!

15Өйткені Мен солтүстіктегі барлық патшалықтардың ұлттары мен тайпаларын шақырып алмақпын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын.

Солардың патшалары аттанып келіп, тақтарын Иерусалимнің қақпаларының жанына орнатады да, қаланы қоршаған қабырғаларына және Яһуданың барлық басқа қалаларына да шабуыл жасайды.

16Халқымның Мені тастап кетіп, бөтен тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынғандары және өз қолдарымен жасап алған мүсіндерге табынып кетіп істеген барлық зұлым істеріне бола Мен оларға жазалау үкімін шығарамын!

17Ал енді, жиналып беліңді буып, өзіңе тапсырғандарымның бәрін оларға жеткіз! Олардан қорықпа, әйтпесе Мен өзіңді олардың алдында қорқытамын.

18Біліп қой: бүгін Мен сені бекіністі қала іспетті еттім. Сен темір бағанадай, қола қабырғадай берік боласың. Енді осы жердегілердің бәріне: Яһуда елінің патшалары мен әміршілеріне, діни қызметкерлері мен халқына қаймықпай қарсы тұра аласың.

19Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқаратын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help