1Уа, Иеміз, зұлымды жазалайтын Құдай,
Нұрыңды төкші, о, әділ соттаушы Құдай!
2Уа, әлемге Үкім Шығарушы, көтеріле гөр,
Менменге тиісті жазасын тартқыза гөр!
3О, Жаратқан Ие, қашанғы осылай болмақ?
Қашанғы әділетсіздер дауыстап қуанбақ?
4Ауыздарынан менмен сөздер үздіксіз шығады,
Зұлымдық істейтіндердің бәрі мақтанады,
5Уа, Жаратқан Ием, аяққа таптап халқыңды,
Олар қанайды таңдаған меншігіңді:
6Жесірлер мен жат жұрттықтарды жояды,
Жетімдердің де көзін сол қаталдар құртады.
7Олар былай дейді: «Жаратқан мұны көрмейді,
Жақып сиынған Құдай бұған мән бермейді».
8Елдегі ақымақтар, ақылға келіңдер,
Сендер парасатқа қашан кенелесіңдер?
9Құлақты жаратқан Тәңір әлде естімей ме,
Көзді жаратқан Оның Өзі әлде көрмей ме?
10Халықтарға ескерткен Ол саған ескертпей ме?
Адамға тағылым беретін Ол —
11Жаратқан Ие
Пенденің ойларының бекерлігін біледі де!
12Уа, Жаратқан Ие, Өзің тәрбие берген жан
Бақытты: Таурат заңыңнан үйретесің оған,
13Тыным бересің соған қиын-қыстау уақытта,
Ал сұмдарға көр қазылады ақыр соңында.
14Себебі Жаратқан Ие өз халқынан бас тартпайды,
Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды.
15Сөз жоқ, төрелік қайта әділдікке негізделмек,
Бар ақжүрек жандар әділдік жолымен жүрмек.
16Кім мені қорғау үшін қарсы шығар зұлымдарға,
Кім мен үшін қарсы тұрар күнә жасайтындарға?
17Егер Жаратқан Ие маған жар болмағанда,
О дүниеге аттанар едім жақын арада.
18«Аяғым таяды!» дегенімде, уа, Жаратқан,
Сенің мейірімің болды сүйеніш маған.
19Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді,
Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді.
20Заңыңа қарсы зорлық-зомбылық ойлаған
Арамзалардың тақтары жақын бола ма Саған?
21Топтасып олар әділге қарсы ұмтылады,
Кінәратсыз адамды өлімге бұйырады.
22Бірақ Жаратқан Ие — паналайтын қорғаным,
Иә, Құдайым менің — бас сауғалар жартасым.
23Сол зұлымдарға Ол қылықтарын қайтарады,
Өз жауыздықтарымен өздерін құртады,
Құдай Иеміз оларды мүлдем жояды.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
