Шежірелер 2-ж. 3 - Киелі кітап(QazBi2010)

Сүлейменнің ғибадатхананы салуы

1Сонымен Сүлеймен Иерусалимдегі Мория төбесінде Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті. Бұрын ебустік Орнанның астық бастыратын қырманы болған сол жерде Дәуітке Жаратқан Ие аян берген еді. Содан Дәуіт бұл орынды ғибадатхана салуға дайындап қойған болатын.

2Сүлеймен құрылысты Өзінің патшалық құрған төртінші жылының екінші айының екінші күні бастады.

3Оның Құдай үйіне арнап салған іргетасының өлшемдері мыналар болды: ұзындығы алпыс, ені жиырма шынтақ. Мұнда шынтақтың көне өлшемі қолданылды.

4Алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені, жалпы ғимараттың еніндей, жиырма шынтақ, ал биіктігі жүз жиырма шынтақ болды.

Сүлеймен киелі үйдің ішін саф алтынмен қаптатты.

5Оның үлкен бөлмесінің қабырғаларын қарағай тақтайшалармен, солардың үстін саф алтынмен қаптатты. Алтынның бетіне құрма ағашы мен шынжырға ұқсаған нақыштар ойғызып,

6киелі үйді асыл тастармен де әшекейлетті. Қолданылған саф алтын Парваим жерінен әкелінген болатын.

7Сүлеймен киелі үйдің ішін: төбесіндегі бөренелерді, босағаларын, қабырғалары мен есіктерін алтынмен қаптатып, қабырғалардың беттеріне керуб атты періштелердің бейнелерін ойып жасатты.

8Сүлеймен киелі үйдің ең қасиетті бөлмесін де салғызды. Соның ұзындығы мен ені, киелі үйдің жалпы еніндей, жиырма шынтақтан болды. Патша бөлменің ішін салмағы алты жүз ат басындай саф алтынмен қаптатты.

9Онда қолданылған алтын шегелердің салмағы елу мысқал болды. Киелі үйдің жоғарғы бөлмелерінің қабырғалары да алтынмен қапталды.

10Патша киелі үйдің ең қасиетті бөлмесі үшін керуб делінген күзетші періштелердің екі мүсінін ойдырып жасатты да, алтынмен қаптатты.

11Мүсіндердің жайған қанаттарының ұзындығы бес шынтақтан болып, олар екі жаққа қарай түгелімен жиырма шынтаққа созылды. Бірінші мүсіннің бір қанаты бөлменің бір қабырғасына, өзге қанаты екінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды.

12Сол сияқты, екінші мүсіннің де бір қанаты бөлменің қарама-қарсы қабырғасына, өзге қанаты бірінші мүсіннің қанатына тиіп тұрды.

13Осылайша жайылған қанаттардың жалпы ұзындығы жиырма шынтақ болды. Екі мүсін тік тұрған күйі жасалып, беттері үлкен бөлмеге қарап орналастырылды.

14Сүлеймен қою күлгін, күрең қызыл, қырмызы жүн және жіңішке зығыр жіптерден маталар тоқытып, олардың бетіне керубтердің бейнелерін кестелетіп, шымылдық дайындатты.

15Патша екі бағана жасатып, киелі үйдің алдына тұрғызды. Олардың биіктігі отыз бес шынтақтан, ал үстіңгі иықтарының биіктігі бес шынтақтан болды.

16Патша алқа іспетті оралып тұратын шынжырлар да жасатып, оларды бағаналардың жоғарғы жақтарына іліп қойғызды. Ол сонымен қатар анар жемісінің жүз мүсінін де дайындатып, оларды шынжырларға бекіттірді.

17Патша осы екі бағананы киелі үйдің дәл алдына, біреуін кіреберістің оң жағына, екіншісін сол жағына тұрғызды. Оң жағындағысын Жахин («Берік Орнатушы»), сол жағындағысын Боғоз («Құдірет Иесі») деп атады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help