Жохан 14 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайға апаратын жол — Мәсіх Иса

1— Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!

2Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын.

3Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.

4Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома:

5— Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады.

6Иса оған:

— Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.

7Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп:

8— Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді.

9Иса былай деп жауап берді:

— Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың?

10Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр.

11Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.

12Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын.

13Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді.

14Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.

Құдай Рухының сенушілерге қонуы туралы уәде

15Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!

16Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін,

17Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.

18Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін.

19Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар.

20Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.

21Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. —

22Исқариоттан өзге Яһуда Исадан:

— Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады.

23Иса былай деп жауап берді:

— Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз.

24Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері.

25Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын.

26Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.

27Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар.

28Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.

29Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын.

30Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді.

31Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын.

Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help