1Бұл — Мысыр туралы ауыр хабар:
Біліп қойыңдар, Жаратқан Ие ұшқыр бұлтқа мініп алып, Мысырға аттанбақ. Мысырдың жалған тәңірлері Оның алдында дірілдеп, мысырлықтар да сужүректеніп қорқады.
2(Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Мен мысырлықтарды өзара қарсыластырып қоямын. Бірге туған бауырлар да, көршілер де бір-бірімен тартысып, қалалар да, патшалықтар да өзара соғысатын болады.
3Сонда мысырлықтар жүрексініп, түңіліп, Мен олардың жоспарларын шатастырамын. Олар өздері табынған жалған тәңірлері мен аруақтарынан, жынын шақырған бақсылар мен сәуегейлерден ақыл-кеңес сұрайтын болады.
4Мен мысырлықтарды қатыгез қожайынның қолына табыстаймын, сол қайырымсыз патша оларға үстемдік жүргізетін болады». — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие осыны нық айтады.
5Ніл өзеніндегі судың деңгейі төмендеп, оның арнасы кеуіп, құрғап қалады.
6Өзен салалары мен арықтар сонда саси бастап, қалаларды қоршаған орлардың суы да жоқ болады. Қамыс пен қоға кеуіп, семіп қалады.
7Нілдің жағалауындағы басқа да өсімдіктер, өзеннің жағасындағы егістіктердегі егіннің бәрі де қурап, желмен ұшып, ғайып болады.
8Нілден балық аулап күн көріп жүрген әрбір адам күрсініп жыламақ. Олардың қармақтары мен ауларынан енді еш пайда болмайды.
9Зығырдан мата тоқып, бәтес жасап шығарушылар да үміттерін үзеді.
10Тігіншілер мен жалдамалы жұмысшылардың сағы сынып, тұнжырайды.
11Елдің астанасы Соғанның басшылары зердесіздер! Мысырдың ең кемеңгерлері ақымақ кеңес береді. Қалай ғана олардың дәттері барып патшаға: «Мен ежелгі кемеңгерлер мен патшалардың ұрпағымын» деп мақтана алады?
12Уа, Мысыр патшасы, сенің сол бір ақылды кеңесшілерің қайда? Олар Әлемнің Иесінің Мысырға не жоспарлап отырғанын біліп алып, саған айтып берсін!
13Соғанның басшылары ақымақ болып, Мемфистің басшылары да алданып қалды! Мысырдың руларының басты адамдары халықты адастырып, басын айналдырды.
14Жаратқан Ие араларына оларды шатастыратын рух төкті. Соның нәтижесінде Мысыр барлық нәрсені қате жасап, өз құсығына тайып теңселген мас адамдай болады.
15Мысырдағы әркім де, не бастық, не жарлы болсын, не атақты, не қарапайым болсын, қай-қайсысы да шарасыз болмақ.
Мысыр, Ассур, Исраил Жаратқан Иені бірлесе дәріптемек16Сол кезде Мысыр елі Әлемнің Иесінің өздеріне қарсы созылған қолынан әйел заты іспетті қорқып дірілдейтін болады.
17Яһуда елінен Мысырдың зәрелері ұшпақ. Яһуданың аты аталғанда мысырлықтар қалтырап, жандары түршігетін болады. Себебі Әлемнің Иесі Өзінің мысырлықтарға қатысты жоспарын дайындап қойды.
18Осы уақыт жеткенде Мысырдың бес қаласы Қанахан тілінде сөйлеп, Әлемнің Иесіне адал болуға ант бермек. Қалалардың біреуі «Күнқала» деп аталмақ.
19Сол заманда Мысыр елінің ортасында Жаратқан Иеге бағышталған құрбандық үстелі болады. Мысырдың шекарасында Оған арналған ескерткіш те орнатылмақ.
20Бұл, Әлемнің Иесінің Мысырда екендігін дәлелдейтін айғақ болады. Себебі олар өздеріне жәбір көрсеткендерге қарсы қолдау сұрап Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынғанда, Ол соларды аман алып қалуға бір мықты Құтқарушыны жібереді.
21Осылайша Жаратқан Ие Өзін мысырлықтарға таныстырмақ. Сол кезде олар Жаратқан Иені жақыннан біліп, Оған мойынсұнатын болады. Олар Жаратқан Иеге арнап құрбандықтар шалып, басқа сый-тартулар да ұсынбақ. Оған уәде берсе, соларын сөзсіз орындайды.
22Жаратқан Ие Мысыр халқына (күнәларына бола) індет жіберіп жазасын тартқызады, бірақ кейін оларды Өзі сауықтырады да. Олар Жаратқан Иеге бет бұрып, сиынады. Ол мінажаттарына құлақ түріп, оларды айықтырады.
23Осы уақыт жеткенде Мысыр мен Ассур елдерінің арасында даңғыл жол болады. Осы екі елдің халқы бір-біріне барып келеді әрі бірігіп Құдайға ғибадат ететін болады.
24Сол заманда Исраил Мысырмен және Ассурмен қатарлас тұрған үшіншісі болып, осы халық арқылы Жаратқан Иенің жарылқауы жер бетіне жететін болады.
25Әлемнің Иесі оларға батасын беріп: «Мен өз халқым Мысырды өз қолымнан шыққан Ассурды және меншікті халқым Исраилді де жарылқай беремін!» — дейді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.