1Ефрем халқы желмен тамақтанатын сияқты. Олар күні бойы шығыстан соғатын желді қуып, өтірік пен зорлықты көбейтеді. Олар Ассур патшалығымен одақтасып, Мысырдан да қолдау көру үшін сол елге зәйтүн майын тасып апарады.
2Жаратқан Ие Яһуданы да айыптамақ. Ол Жақыптың үрім-бұтағын жүрген жолдары үшін жазалап, істеген істерінің есесін қайтармақ.
3Түп атасы Жақып ана құрсағында жатқанда-ақ егіз сыңарының өкшесінен ұстап алып, оны алдап соқты. Ер жеткенде ол Құдаймен күресті.
4Сол кезде Жақып Құдайдың періштесімен күресіп, үстем болды, әрі періштеден ақ бата беруін жылап өтінді. Осылайша ол Бетелде Құдаймен кездесіп, тілдесті,
5Жаратқан Иемен, Әлемнің Әміршісі Құдаймен! Оның «Жаратқан Ие» деген аты әлемге кең танымал.
6Өзің де Құдайға қайта оралып, берік сүйіспеншілік пен әділдікті сақта! Әрқашан өз Құдайыңа үмітіңді арт!
7Ал саудагерлердің таразылары дұрыс емес, олар алдамшылықты ұнатады.
8Ефрем: «Мен байыдым, барлығын да өзім таптым! Істегенімнің бәрінен ешкім күнә дейтіндей бірде-бір бұрыс іс таба алмайды!» — деп мақтанып жүр.
Жаратқан Ие Исраилді қайтадан айдалаға шығармақ9«Бірақ Мен өзіңді Мысыр елінен шығарған Құдайың Жаратқан Иемін. Бұрын айдалада Менімен кездескен кезіңдегідей, Мен сені қайтадан шатырларға қоныстандырамын.
10Мен пайғамбарларға тіл қатып, көп рет аян бердім, әрі олар арқылы астарлы сөздерімді айтып халқыма ескерттім».
11Ғилақадтың халқы зұлымдық жасаса, олар құрып кетеді. Ғылғалда да халық құрбандыққа мүйізді ірі қара мал шалып келеді. Расында олардың құрбандық үстелдері өңделіп жыртылған егістіктің шетіндегі тас үйінділері сияқты тізіліп тұр.
12Ежелде Жақып Солтүстік Месопотамия еліне қашып барған болатын. Исраил деп те аталған Жақып сол жерде әйелі үшін қызмет етіп, мал бақты.
13Кейін Жаратқан Ие Исраилдің үрім-бұтағын бір пайғамбары арқылы Мысырдан алып шығып, сол пайғамбары арқылы аман сақтап жүрді.
14Бірақ Ефрем Жаратқан Иені қатты ашуландырды, сол себепті Ол Ефремді қылмыстары үшін жазалап, істеген барлық масқара қылықтарының қарымтасын қайтарады.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
