Патшалықтар 4-ж. 20 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қатты ауырған Езекияның кереметпен сауығуы

1Сол күндері Езекия қатты науқастанып, өлім аузында жатты. Амос ұлы Ишая пайғамбар оған келіп, былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Үй ішіңе соңғы өсиеттеріңді беріп, істеріңді аяқта! Себебі бұл аурудан жазылмай, қайтыс боласың».

2Содан Езекия бетін қабырғаға қарай бұрып, Жаратқан Иеге сиынып:

3«Уа, Жаратқан Ие, Сенің көз алдыңда ізгі жолыңмен жүріп, шын жүректен әділ істер істеп келгенімді ескере көрші!» — деді. Мұнан кейін Езекия қатты жылады.

4Ишая пайғамбар Езекияның қасынан кетіп, сарайдың ортаңғы ауласынан шықпай жатып, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деді:

5«Қайтып барып, халқымның көсемі Езекияға былай де: Түп атаң Дәуіттің Құдайы Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Сенің мінажатыңды естіп, көз жасыңды көрдім. Біліп қой, Мен сені ауруыңнан сауықтырамын. Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатын боласың.

6Сенің өміріңе тағы он бес жыл қосамын. Мен өзіңді және мына қаланы Ассур патшасының қолынан құтқарып, қаланы Өзім үшін және адал қызметшім Дәуіт үшін қорғап қаламын!»

7Ишая бұдан кейін патшаның қызметкерлеріне: «Інжір жемістерінен шелпек алып келіңдер!» — деп тапсырды. Олар соны шиқанның үстіне қойғаннан кейін патша айығып кетті.

8Осы екі арада Езекия Ишаядан:

— Жаратқан Иенің мені сауықтыратыны жайлы алдын ала беретін ғажап белгісі не болады? Үшінші күні Жаратқан Иенің киелі үйіне көтеріліп бара алатынымды қалай біле аламын? — деп сұраған еді.

9Сонда Ишая оған:

— Жаратқан Ие Өзінің уәде еткенін іске асыратындығының саған арнаған белгісі мынау болмақ: Өзің айтшы, баспалдаққа түсіп тұрған көлеңке он қадам алға жылжысын ба, әлде он қадам артқа жылжысын ба? — деді.

10Езекия:

— Көлеңкенің алға он қадам жылжуы еш ғажап емес. Ол он қадам артқа жылжысын! — деп өтінді.

11Ишая пайғамбар дауыстап Жаратқан Иеге сиынғанда, көлеңке шынымен Ахаз патша салғызған баспалдақтың үстімен он қадам кері жылжыды!

Бабылдықтар алдында мақтанған Езекияға Құдайдың ескертуі

12Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекияның қатты ауырып қалғаны туралы естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді.

13Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің бүкіл қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады.

14Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған:

— Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия:

— Олар алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді.

15Пайғамбар:

— Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия:

— Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді.

16Сонда Ишая Езекияға былай деді:

— Енді Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз:

17Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —

18Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! —

19Сонда Езекия Ишаяға:

— Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.

20Езекияның қалған барлық істері мен қажыр-қайраты, оның тоған жасап, тауды тесіп өткен үңгір жол арқылы (Гихон қайнар көзінен) Иерусалим қаласының ішіне су ағызып әкелгені туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.

21Езекия көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, оның ұлы Манаса орнын басып патша болды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help