Әйүп 18 - Киелі кітап(QazBi2010)

Билдадтың Әйүпті күнәсінен бас тартуға шақыруы

1Сонда шуахтық Билдад былай деп жауап берді:

2— Бұл әңгімені қашанға дейін айта бересіңдер? Ақылға келіңдер, кейін сөйлесе жатармыз.

3Әйүп, неге бізді малдай көресің? Сен үшін біз миғұла адамдар сияқтымыз!

4Ашуланып өзіңді соншама қазбалай беретінің не? Саған бола бүкіл жер қаңырап қалып, жартастар өз орындарынан қозғалуы керек пе?

5Шүбә жоқ, зұлымның жарығы сөнеді, оның отының алауы жарқырай бермейді.

6Үйіндегі жарық қараңғы болып, шам-шырағы да өшеді.

7Күшті аяғы қысқарып, құрған арам жоспары оның өзін құлатады.

8Зұлымды өз аяғы торға түсіріп, өз бетімен жүрген ол орға құлайды.

9Қақпан оны өкшесінен ұстап, тұзақ оны тұтады.

10Тұзақ жіп жерде жасырын қойылған, жүретін соқпағында қақпан орнатылған.

11Күнәкарды жан-жағынан қорқыныш үрейлендіріп, соңынан қалмай қуады.

12Оның күші аштықтан таусылып, құлаған кезінде пәле де дәл қасында бола қалады.

13Ауру оның терісін жеп, кейін ажал да жетіп, дене мүшелерін құртпақ.

14Зұлым өзі сенім артқан мекенінен жұлынады, оны «үрейдің патшасына» апарып тапсырады.

15Жауыздың мекенін от жалмайды, тұрған үйіне жанып жатқан күкірт жаумақ.

16Оның түп-тамыры құрғап, бұтақтары қурап қалады.

17Күнәкар туралы естелік жер бетінен құрып, өз мекенінде де оның есімі ұмытылады.

18Ол жарықтан түнекке қуылып, тұрған жерінен аластатылады.

19Халықтың арасында оның баласы да жоқ, үрім-бұтағы да жоқ. Бұрын қоныстанған елінде ешбір тұяғы қалмайды.

20Батыстан келгендер оның басына түскен жайтты көріп аңтарылады, шығыстан келгендер де қорқып былай демек:

21«Міне, зұлымның мекеніне осындай бақытсыздық түспек! Құдайды мойындамайтынның тұрған орны осындай болмақ!»

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help