Тімотеге 1-хат 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Арнау және сәлем

1Құтқарушымыз Құдайдың және үмітіміздің Бастауы — Иса Мәсіхтің бұйрығымен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан

2сеніміміздегі шынайы ұлым іспетті Тімотеге дұғай сәлем. Лайым Құдай Әкеміз және Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін!

Қате ілімдерге қарсы ескертулер

3Македонияға барарда өтініп сұрағанымдай, сен Ефес қаласында қалып, кейбіреулердің басқа ілімдерді үйретулеріне

4және аңыздармен, ұлан-ғайыр шежірелермен шұғылдануларына тыйым сал. Бұлар сенім арқылы білінетін Құдайдың ісіне қызмет етудің орнына көп дау-жанжал тудырады.

5Осы бұйрықтың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілікті ояту.

6Кейбір адамдар бұлардан бас тартып, көп мылжыңдыққа түсіп, адасып кетті.

7Олар Таурат заңының ұстаздары болғылары келеді, бірақ өз айтқандарын әрі табандылықпен білдіріп жүрген пікірлерін өздері дұрыстап түсінбейді.

8Ал тиісінше қолданылса, Таурат заңының игілікті болатынын білеміз.

9Оның Құдай алдында ақталған біздерге емес, заң мен билікке бағынбайтындарға, зұлымдар мен күнәкарларға, қасиетсіздер мен дінсіздерге, ата-анасын не басқа біреуді өлтірушілерге,

10бұзылғандар мен жыныстық азғындыққа түскендерге, кісі ұрлаушыларға, өтірікшілер мен жалған ант беретіндерге, яки дұрыс ілімге қайшы әрекет ететіндердің бәріне тыйым салатынын түсінеміз.

11Осы ілім мадақталуға тиісті Құдайдың ұлы Ізгі хабарында мәлімденген. Құдай соны уағыздауды маған аманаттады.

Құдайдың рақымына шүкірлік

12Міндетімді атқаруға күш-қуат беріп келе жатқан Иеміз Мәсіх Исаға ризашылығымды білдіремін. Өйткені Ол мені сенімді болады деп бағалап, Өзіне қызмет етуге тағайындаған.

13Бұдан бұрын Оған тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткеніммен, Иеміз маған қайырымды болды. Себебі менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім.

14Осылай маған Иеміздің рақымы молынан төгіліп, Мәсіх Исадан келетін сенім мен сүйіспеншілікке кенелдім.

15«Мәсіх Иса осы дүниеге келді

Құтқару үшін күнәкар кісілерді!»

Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкар мен едім.

16Ал Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатын адамдардың бәріне үлгі етті.

17Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай мәңгі құрметтеліп, ұлылығы мадақтала берсін! Аумин.

18Тімоте, балам менің, саған мына өсиетті аманаттаймын, ол бұдан бұрын өзің туралы Құдай Рухы білдірген хабарларға сәйкес: ізгі күресте сол хабарларға сай әрекет жасап,

19сенімің мен ар-ұжданыңды таза ұста! Кейбіреулер ар-ұждандарынан безіп, сенімдерін құртты.

20Олардың араларында Үменей мен Ескендір бар. Құдайға тіл тигізбеуге үйренсін деп, екеуін (қауымнан шығарып) шайтанның қолына тапсырдым.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help