1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ұлдың қазасы» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
2Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын,
Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын.
3Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын,
Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын.
4Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады,
Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады.
5Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың,
Тағыңда отырып әділ шешім шығардың.
6Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың,
Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың.
7Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды,
Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды.
8Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді,
Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді.
9Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады,
Халықтарға ақиқат шешім шығарады.
10Қаналғандарға Жаратқан пана болады,
Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады,
11Сені шын білетіндер Саған сенім артады,
Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды.
12Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар,
Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар!
13Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді,
Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді.
14Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр,
Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр,
Ажалдың аранынан мені арашалай гөр.
15Сонда қақпаларында Сион шаһарының
Өз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын,
Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.
16Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады,
Құрған қақпандарына өздері ұсталды.
17Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты,
Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты.
18Жамандық жасаушылар ажалға душар болады,
Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады.
19Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді,
Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді.
20Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын,
Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын!
21Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын,
Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан!
22 Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың?
Басыма күн туғанда неге жасырынасың?
23Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар,
Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар!
24Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді,
Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді,
25Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды,
Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды.
26Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді,
Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді.
Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді.
27«Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, —
Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды».
28Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық,
Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық.
29Аула артында тасада аңдып отырады,
Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады.
Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап,
30Тасадағы арыстандай тосады тығылып,
Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып,
Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып.
31Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі,
Жауының мықты тырнақтарына ілігеді.
32Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, —
Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды».
33Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр,
Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!
34Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?!
«Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?!
35Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің,
Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің.
Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің.
36Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы,
Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы!
37Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады,
Бойсұнбайтын ұлттар Оның елінен жоғалады.
38Назар аударасың күшсіздердің аңсауына,
Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға,
39Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға,
Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.