Забур жырлары 37 - Киелі кітап(QazBi2010)

Қатты ауырған жанның мінажаты

1(Басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.)

2Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме,

Ашуланып мені жазалай көрме.

3Өзің атқан жебелерің денеме кірді,

Қолың зілдей басты менің үстімді.

4Қаһарыңнан денемде сау жерім жоқ,

Күнәмнан жан-тәнімде тыныштық жоқ.

5Істеген күнәларым басымнан асты,

Ауыр жүктей денемді жерге жаншыды.

6Ақымақ істерімнің кесірінен

Жараларым іріңдеп, иістенген,

7Иіліп кеттім тұла бойым бүгіліп,

Күні бойы жүремін қайғы шегіп.

8Белім менің ісіп кетіп қабынған,

Денемде сау жерім жоқ ауырмаған.

9Әбден әлсіреп, шалдығып-шаршаймын,

Жан азабынан қатты ыңқылдаймын.

10Уа, Ием, Саған аян барлық қалауым,

Құпия емес Саған ыңқылдауым,

11Жүрегім аласұрып, құрыды қуатым,

Көз жанарым суалып, қашты нұрым.

12Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап,

Жақын туыстарым да тұр алшақтап.

13Жанымды алмақ жаулар тұзақ құрады,

Дұшпандар ажалым туралы айтады,

Күн сайын қастық жайлы ақылдасады.

14Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын,

Мылқау сияқты жағымды ашпаймын,

15Осылай құлағы естімес адамдаймын,

Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын.

16Өйткені, Жаратқан Ие, Өзіңе сенем,

Сен жауап бересің, уа, Құдай Ием.

17Сонда мен былай деп ойлаған едім:

Дұшпандарым мені табаламасын,

Сүрініп құласам, олар паңданбасын.

18Себебі жақын қалдым мен құлауға,

Азабым әрдайым көз алдымда.

19Әділетсіз ісімді мойындаймын,

Жасаған күнәма қайғырудамын.

20Ал көп жауларым сергек жүріп күшеюде,

Себепсіз мені жек көретіндер көбеюде,

21Жақсылығыма олар жамандық қайырады,

Ізгі жолмен жүргеніме қарсы шығады.

22Уа, Ием, мені жалғыз тастай көрме,

О, Құдайым, менен алыстай көрме.

23Асыға гөр маған көмек беруге,

Құтқарушым менің, уа, Жаратқан Ие.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help