1Ал енді, Әйүп, шақырғың келсе, шақыр! Жауап беретін біреу болар ма екен? Періштелердің қайсысынан көмек сұрамақсың?
2«Ашу-ызасы ақымақты жояр, күншілдігі аңқауды құртар» деп дұрыс айтылған.
3Ақымақтың тамыр жайған ағаштай өркендегенін де көрдім, бірақ дереу оның үй-жайы Құдайдың қарғысына ұшырайды деп бағаладым.
4Оның балалары амандықтан аулақ жүр. Сотта оларды қыспақтайды, ал арашалайтын ешкімі болмайды.
5Ақымақтың өнімін аш адамдар жалмап қояды. Олар оның тікенді бұтақшалар астына сақтап қойған астығын да алып кетеді. Оның мал-мүлкін залымдар иемденуге құмартады.
6«Азап топырақтан өсіп шықпас, ауыртпалық та жерден шыға келмес».
7От ұшқындарының жоғары қарай лап ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді.Елипаздың мәселелерді Құдайға тапсыру жайлы кеңесі
8Ал, Әйүп, егер мен сенің орныңда болсам, Құдайға бет бұрып сиынып, ісімді Оның алдына апарар едім.
9Құдай адам толықтай ұға алмайтын ғажап істерді істейді, сан жетпес кереметтерді жасайды:
10Ол жер бетіне жаңбыр жаудырып, егістікті суға қандырады.
11Құдай кішіпейілдерді жоғарылатып, қайғырғандарға құтқарылу сыйлайды.
12Ол айлакер қулардың жоспарларын бұзып, оларды табысқа жеткізбейді.
13Құдай данышпан делінгендерді қулықтарынан ұстап алады. Айлакер зұлымдардың арамза кеңестері тез құриды.
14Күндіз олар түнекке тап болып, тал түсте де түндегідей сипалап жүреді.
15Құдай мұқтажды мықтылардың өткір сөздерінен құтқарады. Оларды қуаттылардың қолынан аман сақтап қалады.
16Сондықтан енді кедейде үміт бар, ал әділетсіздің аузы тас жабылған.
17Құдай ескертіп түзететін адам қандай бақытты! Сондықтан құдіреті шексіз Хақ Тағаланың тәрбиесін елемей жүрме!
18Өйткені Ол жара салса, соны Өзі таңады, соққы берсе, өз қолдарымен сауықтырады да.
19Құдай сені алты рет қиыншылықтан құтқарады. Апат тіпті жетеу болса да, саған жоламайды.
20Хақ Тағала сені ашаршылық жайлаған кезде өлімнен құтқарып, шайқас кезінде семсердің құдіретінен де аман алып қалады.
21Тілдің пәлесінен аулақ болып, ойран келгенде де қорықпайсың.
22Қайта, күйреу мен ашаршылыққа күле қарайсың, елдегі жыртқыш аңдардан да қауіптенбейсің.
23Сонда даланың қойтастары бөгет болып егіндігіңде жатпайды. Елдегі жыртқыш аңдар да өзіңмен тату-тәтті тұратын болады.
24Өз мекеніңнің аман-есен екеніне сенімді боласың. Отар-табындарыңды санап шыққанда, бірде-бір малыңның жоғалмағанына көзің жетеді.
25Ұрпағыңның көп екенін біліп жүретін боласың. Өзіңнен тараған үрім-бұтағың жер бетіндегі шөптей мол болмақ.
26Егіннің дер кезінде бауланып, қырманға әкелінетініндей, өзің де көп жасап, о дүниеге армансыз аттанасың.
27Міне, біз осыны зерттеп, оның ақиқат екеніне көз жеткіздік. Сондықтан оны тыңдап, жақсылап біліп алсаң екен!
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.