Нақыл сөздер 23 - Киелі кітап(QazBi2010)

6

1Әміршімен дастарқандас болған уақытыңда

Алдыңда кім отырғанын есіңде ұста.

2Қомағай да ашқарақ болып жүрме,

Тамағыңа пышақ тақағандай тәбетіңді бөге.

3Әміршінің дәмді тағамдарына болма құмар,

Мүмкін, ол қу ниетпен ұсынған шығар.

7

4Бай боламын деп өзіңді зорықтырма,

Даналық бар сондай ойдан бас тартқанда.

5Байлыққа көзіңді салсаң, ол қанат бітіп

Аспанға ұшқан бүркіттей лезде болар ғайып.

8

6Сараңның асын ішпе,

Дәмді тағамдарын көксеме.

7Ол қара басының ғана қамын ойлайды,

«Ішіп-же» деп сені қолпаштайды,

Бірақ онысын шын жүректен айтпайды.

8Аз-кем жеген асыңды кейін құсып тастарсың,

Зая кетер инабатты айтқандарың.

9

9Ақымаққа бекер айтпа сөздеріңді,

Ол менсінбейді ғой берген кеңесіңді.

10

10Ежелгі межені жасырын жылжытпа,

Жетімнің жеріне қолыңды сұқпа!

11Өйткені оны Қорғаушы қуатты,

Мүддесін қорғап саған қарсы тұрады.

11

12Санаңды тәлімге бұр,

Құлағыңды нақылға түр.

12

13Баланы тәрбиесіз, бетімен жіберме,

Жөнімен жазаласаң ол өлмейді де,

14Шектеу қойып, оны жөнге салсаң,

Ажалдан жанын аман сақтарсың.

13

15Балам, егер шынымен дана болсаң,

Жүрегім қатты шаттанады бұған,

16Ақиқат сөздер ғана шықса аузыңнан,

Қуанышым қойныма сыймайды соған.

14

17Күнәкарларды ешқашан күндеме,

Тәңір Иені әр күні шын қастерле!

18Сонда болар жарқын келешегің,

Әрі үзілмес сенің күдерің.

15

19Ақылды бол, балам, мені тыңда,

Жүрегіңді тура жолға бағытта:

20Шарап ішіп, етке тоймас

Мешкейлерге сен қосылма!

21Мешкейлік, маскүнемдік жарлы қылар,

Ұйқышылдың киімі тоз-тоз болар.

16

22Тыңда өзіңді дүниеге келтірген әкеңді,

Менсінбей жүрме қартайды деп шешеңді.

23Шындықты тауып, оны ешқашан сатпа:

Ие бол даналық, тағылым мен парасатқа.

24Әділдің әкесі қатты қуанады,

Дананың шешесі де шаттанады.

25Осылай ата-анаң шаттана алсын,

Иә, туған анаң әндетіп қуансын!

17

26Балам, жүрегіңді маған бағышта,

Риза бол өзіңді жүргізетін жолдарыма!

27Себебі азғын әйел — түпсіз шыңыраудай,

Түскен адам шыға алмас тар құдықтай.

28Бөтен әйел қарақшыдай торуылдап күтер,

Опасыз жандардың санын көбейтер.

18

29Кімде пәле, қайғы, жанжал бар?

Кімде шағым, қажет емес жара бар?

Кімнің көзі көреді бұлыңғыр?

30Мұның бәрі шарап ішіп,

Ұзақ отыратындарда болар,

Ішімдіктерді араластырып,

Дәмін тататындарда болар.

31Сен шараптың қалай қызарып,

Тостағанда құбыла жалтырап,

Бірқалыпты жұмсақ жұтылғанына

Лайым қызықтап қарайтын болма!

32Әйтпесе ол соңында жыландай шағып алар,

Денеңе сұр жыландай уын шашар,

33Көз алдыңа елестеп бөгде бейнелер,

Жүрегіңнен шығар жаман сөздер;

34Сонда ұқсарсың теңіздің қақ ортасында

Кеме діңгегінің ұшар басында

Ұйықтап жатқан сорлы жанға;

35Былай дерсің: «Ұрғанда ауырмады ешбір жерім,

Итергенде мені түк те сезбедім,

Оянғанда тағы да ішімдікті іздеймін».

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help