1(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
2Құтқара гөр, уа, Құдайым менің,
«Тасыған су» жетті мойныма дейін,
3«Батпаққа» терең батып бара жатырмын,
Аяқ басып тұрар жер таба алмаймын,
Судың тереңіне батқан адамдаймын,
Ағызып барады мені қатты ағын.
4Жалбарына айқайлап қалжырадым,
Құрғап, кеуіп қалды менің тамағым,
Құдайымды күтіп талды қос жанарым.
5Басымдағы шашымнан көп дұшпандарым,
Себепсіз мені жек көреді жауларым,
Сұмдықпен мені қудалап келеді,
Алмаған нәрсемді талап етеді.
6Уа, Құдай, Саған аян ақымақ қылығым,
Сенен таса емес жасаған күнәларым.
7Өзіңе сенімдерін артқан жандарды
Маған бола ұятқа қалдырмашы,
О, Әлемнің Иесі, Жаратушы,
Саған бет бұрып дұға еткен жандарды
Енді маған бола масқаралатпашы,
Уа, Исраилдің сиынатын Құдайы!
8Сен үшін мазаққа төзіп келем,
Масқарам көрініп тұр бет-жүзімнен.
9Туған бауырларым да мені танымайды,
Шешемнің ұлдары маған жат деп қарайды.
10Киелі үйіңнің қамын жеп азапқа түсем,
Сені қорлағандардың ғайбаты маған тиген.
11Ораза ұстап, жылаған уақытымда
Олар мені келекелеп қорлауда.
12Қайғыланып азалы киім кигенімде
Олар мені мазақтап келемеждеуде.
13Алаңда ақсақалдар мені өсектейді,
Сыра ішкендер сықақтап әндетеді.
14Ал мен Саған, уа, Жаратқан, Өзіңнің мейірім
Көрсететін кезіңде сиынып келем,
Құлақ сала көрші маған, уа, Құдайым,
Шынында құтқаршы зор рақымыңмен.
15«Батпақтан» мені тартып шығара көрші,
«Тұңғиыққа» батуыма жол бермеші,
Жек көретін дұшпандардан құтқаршы,
«Терең сулардан» Мені тартып шығаршы.
16Жол берме тасқынның ағызып әкетуіне,
Терең судың мені жұтып жіберуіне,
Ажал шыңырауының жалмап қоюына.
17Уа, Жаратқан Ие, дұғама құлақ түрші,
Берік мейірімің Сенің сондай игі,
Мол рақымыңа сай маған көңіл бөлші.
18Мендей пендеңнен бетіңді жасырмашы,
Қасірет шегудемін, тез жауап берші.
19Жақындап келіп, жанымды құтқаршы,
Жауларыма бола босата көрші.
20Сен білесің қандай қорлық көргенімді,
Ұятқа қалып, жапа шеккенімді,
Көріп алдың бар дұшпандарымды.
21Мазақтары жүрегімді күйретіп, әлсізбін,
Бекерге жұрттан аяныш күттім,
Ешбір жұбатушыны кездестірмедім.
22Қайта, тамағыма олар өт қосып берді,
Шөлдеп тұрғанымда сірке суын ішкізді.
23Мол дастарқандары жауларыма тор болсын,
Бейқам ішкен астары тұзаққа айналсын,
24Көздері көре алмастай тұмандансын,
Белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын,
25Оларға төге гөр өз қаһарыңды,
Һәм қуып жетсін ашуыңның жалыны,
26Тұрған мекені қаңырап бос қалсын,
Шатырларында тұратын ешкім болмасын!
27Өйткені Сен соққанды олар қуғындайды,
Сен жаралағанды тағы мазақтайды.
28Мойындарына салшы бар қылмыстарын,
Өзіңнің алдыңда ақтала алмасын.
29Өмір кітабынан өшірші есімдерін,
Әділдер тізіміне олар тіркелмесін.
30Ал мен азап шегіп қиналудамын,
Уа, Құдай, құтқаруың мені қолдасын,
31Сонда Құдайдың атын әнге қосамын,
Шүкіршілік етіп мақтау айтамын.
32Көбірек ұнатады мұны Жаратқан
Құрбандық мүйізді ірі қарадан.
33Соны көріп, мәз болады қаналғандар,
Жігерленіңдер, Құдайға бет бұрғандар!
34Өйткені Жаратқан Ие мұқтажға құлақ түреді,
Тұтқын пенделерін Ол менсінбей кетпейді.
35Мадақтаңдар Иемізді, аспан мен жер,
Теңіз бен ондағы күллі жәндіктер,
36Себебі Құдай Сионды құтқарады,
Яһуданың қалаларын қайта тұрғызады,
Құдай халқы орнығып, елге ие болады.
37Пенделерінің ұрпағы елді иемденеді,
Құдайдың есімін сүйгендер соны мекендейді.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.