Марқа 11 - Киелі кітап(QazBi2010)

Мәсіхтің елдің астанасы Иерусалимге бейбіт Патша ретінде кіруі

1Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына жақындап келді. Сонда Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап,

2оларға мынадай тапсырма берді:

— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер.

3Егер біреу сендерден «Бұл не қылғандарың?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек, жуық арада кері қайтарып жібереді» деп жауап беріңдер.

4Екі шәкірт барғанда көше бойындағы бір үйдің қақпасына байлаулы тұрған жас есекті тауып, шылбырын шешті.

5Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері: «Тайқарды шешіп не істемексіңдер?» — деп сұрады.

6Екі шәкірт Исаның айтқанындай жауап берді. Содан әлгілер оларға кедергі жасамай, жайларына жіберді.

7Екі шәкірт жас есекті Исаға алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса оған мінді.

8(Иерусалимге бара жатқан) көптеген адамдар жамылғыларын жолға жайса, өзгелері даладан жас бұтақшаларды кесіп әкеліп, соларды Исаның алдына төсеумен болды.

9Осылай Исаның алды-артынан еріп жүргендер қатты дауыспен былай деп айқай салды:

«Тәңір Ие мадақталсын!»

«Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»

10«Арғы тегіміз Дәуіттің қайта орнайтын патшалығы жарылқанған!»

«Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!»

11Осылай Иса Иерусалимге кірді де, ғибадатханаға барып, оны айнала қарап шықты. Кеш батқанда Ол он екі елшісін ертіп қаладан шығып, Бетания ауылына барды.

Жеміссіз інжір ағашының қарғалуы, ғибадатхананың арамдықтан тазартылуы

12Келесі күні олар Бетаниядан шыққанда, Исаның қарны ашты.

13Алысырақтан жапырақ жайған інжір ағашын көрген Ол жемісінің бар-жоғын байқау үшін қасына барды. Бірақ ағаштан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Жеміс беретін маусымы әлі болмаған еді.

14Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешкім де жемісіңнен дәм татпасын!» — деді. Шәкірттері Исаның осы айтқандарын естіді.

15Сонымен олар Иерусалимге жетті. Иса ғибадатхана алаңына кіріп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып шығара бастады: шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті теңгелерге) айырбастаушылардың үстелдері мен (құрбандыққа шалынатын) көгершіндерді сатушылардың орындықтарын аударып тастады, әрі

16жүк көтергендердің ғибадатхана ауласымен өтулеріне де тыйым салды.

17Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады!» делінген емес пе? Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!» — деп қатаң ескертіп тәлім берді.

18Мұны дін мұғалімдері мен басты діни қызметкерлер де естіп, Исаның көзін құртудың жолын іздеді. Себебі жұрттың бәрі Оның тәліміне қатты қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрді.

19Кеш түсе Иса шәкірттерін ертіп қаладан шығып кетті.

Құдайға сеніммен, таза жүрекпен сиынудың зор күші

20Ертеңіне інжір ағашының жанынан өткенде, олар сол ағаштың тамырына дейін қурап қалғанын көрді.

21Осы оқиға есіне түскен Петір Исаға:

— Ұстаз, қараңызшы, Өзіңіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты! — деді.

22Иса жауап беріп шәкірттеріне былай деді:

23— Құдайға сеніңдер! Сендерге шындығын айтайын: біреу мына тауға «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» деп, айтқан сөзінің іске асатынына жүрегінде еш күмәнданбай сенсе, сол өтініші орындалады.

24Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ.

25Ал сиынып тұрған кездеріңде біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер! Сонда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіреді.

26(Егер өздерің кешірмесеңдер, көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.)Исаның билігі туралы сұрақ

27Осылай олар тағы да Иерусалимге келді. Иса ғибадатхананың ішінде жүргенде, бірқатар басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның қасына келіп:

28— Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Оларды істеуге Сізге кім билік берді? — деген сауал қойды.

29Исаның жауабы мынау болды:

— Мен де бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер! Содан кейін сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.

30Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе? Соған жауап беріңіздер!

31Олар өзара пікірлесіп былай десті: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар.

32Ал «адамның еркімен» десек...» — Олар бұлай деуге халықтан қорықты, себебі бүкіл жұрт Жақияны шынайы пайғамбар деп санайтын.

33Сондықтан олар Исаға:

— Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса:

— Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help