Ишая 28 - Киелі кітап(QazBi2010)

Азғын басшыларына Самарияның қиратылуы жайлы ескерту

1Солтүстік Исраилдің сондай әсем де сәулетті астанасы қасіретке қалады! Елдің маскүнем басшылары қаланы өте әдемі гүл шірі не тәждей мақтан тұтады. Сол қала құнарлы алқаптың бас жағында орналасқан. Шарапқа салынып кеткен адамдары қаланы дәріптейді. Бірақ оның әсемдігі гүлдей солып қалмақшы.

2Біліп қойыңдар, Тәңір Иенің Өзі тағайындаған аса күшті де қуатты біреу бар. Сол бұршақты дауылдай, құртушы құйындай әрі зулаған ғаламат тасқындай келіп, Самария қаласын жерге құлатады.

3Осылай Солтүстік Исраилдегі маскүнемдердің мақтаған сәулетті астанасы аяқ астында тапталады.

4Қала құнарлы алқаптың үстінен қарайтын қырат басында орналасқан. Ал сол кезде оның салтанатты көркі гүлдей солып қалады. Өтіп бара жатқан біреу ерте піскен інжір жемісін көріп қалса, соны жұлып алып, жеп қояды. Сол сияқты Самария да тез жойылып, жоқ болып кетеді.

5Сол кезде Әлемнің Иесі Исраилдің салтанатты тәжі іспетті болады. Ол халқының тірі қалғандары үшін гүлдерден жасалған көрікті шірдей тамаша болмақ.

6Жаратқан Ие сот жүргізетін төрешіге әділдіктің рухын дарытады, әрі қала қақпасын шабуылдан қорғайтын күзетшілерге батылдық сыйлайды.

7Бірақ елдің қазіргі басшылары шарап, сыра ішіп алғандықтан теңселеді. Пайғамбар мен діни қызметкер сыра ішіп, жолдарынан тайып кетеді. Олар шарапқа салынып, естерінен адасқан. Сондықтан (пайғамбарлар) аян көргенде шайқалады, әрі (діни қызметкерлер) алдарына әкелінген істерді әділ шеше алмайды.

8Олар айналдыра жайғасқан дастарқандар құсыққа былғанған, ешқандай таза жері жоқ.

9Алайда олар мен туралы былай дейді: «Ана кісі кімдерге үйретпек? Кімдерге хабарларын жеткізбек? Ол бізді жаңа ғана емшектен шыққан сәбилер деп ойлай ма? — Олар: —

10Ол бізге бір өсиеттен кейін тағы бір өсиетті, бір ережеден кейін тағы бір ережені жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айта береді», — деп те мазақтайды.

11Ал енді, Құдай осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлеп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатпақ.

12Ол осы халыққа былай деген: «Бұл — тыныш жер, шаршағандардың тынығып демалатын мекені. Осында тыныштықта боласыңдар». Бірақ бұлай да олар Мені тыңдаудан бас тартты!

13Сондықтан Жаратқан Иенің оларға арнаған сөзі бір өсиеттен кейін тағы бір өсиет, бір ережеден кейін тағы бір ереже болып жол-жолмен, біртіндеп-біртіндеп айтылғаны іспетті болады. Сонда олар жүргенде сүрініп, шалқалақтап құлап, жарақаттанады, әрі торға түсіп, тұтқындалады.

Тәңір Иенің Сионда қалаған «Іргетасы»

14Ей, Иерусалимде осы халықты билеп тұрған мазақшыл адамдар, Жаратқан Иенің айтқан сөздерін тыңдаңдар!

15Сендер: «Ажалмен келісімшарт жасастық, о дүниемен келісімге қол жеткіздік, — деп мақтанасыңдар. — Ғаламат апат келген кезде бізге жоламай өтіп кетеді. Өйткені біз өтірікті паналап, алдамшылықпен жасырынамыз».

16Сондықтан Жаратушы Тәңір Иенің айтқаны мынау:

«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,

Оны Сиондағы үйімнің бұрышының

Іргетасы ретінде орнатып қоямын.

Енді Оған сенімін артқан ешкім

Ұятқа қалмайтын болады лайым.

17Мен сендерге қолданамын әділдікті

Құрылыстың өлшеуіш жібі секілді,

Адалдықты таразының кіртасы іспетті.

Сонда бұршақ дауылы сендер паналаған өтірікті жойып, су тасқыны сендердің жасырынған орындарыңды ағызып алып кетеді.

18Сендердің ажалмен жасасқан келісімшарттарың жойылып, о дүниемен жасасқан келісімдерің күшінде қалмайды. Ғаламат апат бәрін жайлағанда, ол сендерді де құлатып, жайрататын болады.

19Апат өткен сайын сендерді ұстайды. Ол әр таң сәріде, күні-түні өтіп шықпақ».

Осы хабар халықты дірілдетіп қорқытатын болады.

20Себебі төсек орындарың көсілуге тым қысқа, көрпелерің жамылуға тым енсіз.

21Өйткені Жаратқан Ие ежелде Перасим тауының маңында және Гибеон алқабында қаһарлана қозғалғаны сияқты, енді осында келмек. Ол Өзінің әдеттен тыс әрі таңғаларлық ісін жүзеге асыратын болады.

22Мен Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеден Өзінің бүкіл жерді талқандауды ұйғарғаны жайлы естідім. Сондықтан бұдан былай мазақтаушы болмаңдар! Әйтпесе сендердің кісендерің одан бетер ауыр болады.

Құдайдың ғаламат даналығы

23Ал енді, үніме құлақ салып, өздеріңе айтып тұрғаныма көңіл бөліңдер!

24Диқан тұқым себу үшін егіндігін ұдайы жырта бере ме? Әлде ол ұдайы жерді жыртып, топырақ кесектерін малалай бере ме?

25Қайта, диқан егіндіктің бетін тегістеп болған соң, аскөкті сеуіп, зирені шашып тастайды. Сондай-ақ, бидайды қатар-қатар, арпаны да өзінің танабына егіп, егістіктің шеттеріне қарай бидайға ұқсас басқа дақылды сеуіп тастайды.

26Диқан өзінің жұмысын қалай істеуді біледі, өйткені Құдай оған сол туралы түсінік сыйлаған.

27Диқан аскөк пен зирені бастыру үшін не өткір тісті астық бастыратын тақтайды, не арбаның қатты дөңгелектерін қолданбайды. Қайта, аскөкті жеңіл таяқпен, ал зирені тоқпақпен соққылайды.

28Нанға арналған дәндерді де шексіз бастырумен құртпайды. Диқан астықты дәндерін бүлдірмей, ат жегілген арбамен қалай бастыруды біледі.

29Бұл даналық та Әлемнің Иесінен келеді. Оның ақыл-кеңесі керемет, даналығы ғаламат!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help