1Он екі шәкіртіне нұсқау беріп болғаннан кейін, Иса сол жерден кетіп, халыққа тәлім беріп, уағыз айту үшін Ғалилея қалаларын аралады.
2Жақия пайғамбар Мәсіхтің жасаған істері туралы естігенде қамауда болатын. Содан ол Мәсіхке бірнеше шәкірттерін жіберіп, Одан:
3— Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе? — деп сұратты.
4Иса оларға жауап беріп:
— Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер:
5соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр.
6Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді.
7Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады:
— Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!)
8Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім кигендер патша сарайларында тұрады ғой.
9Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық!
10Киелі жазбада Құдайдың мына тәрізді сөздері бар: «Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды» Бұл хабаршы — Жақияның өзі.
11Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақия пайғамбардан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен.
12Жақияның уағыздап, шомылдыру рәсімін орындаған уақытынан бері қазірге дейін Құдайдың Патшалығы күшпен алға басып, күш салғандар оны иемденуде.
13Барлық Пайғамбарлар жазбалары мен Таурат Құдайдың хабарын Жақияға дейін жеткізіп келді.
14Ал қабылдағыларың келсе, Жақия — келетіні алдын ала уәде етілген Ілияс пайғамбар.
15Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
16Ендеше қазіргі ұрпақтың кісілерін кімге ұқсатайын? Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, жолдастарына айқайлап:
17«Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер,
Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер»,
— деп шағымданады.
18Өйткені Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны «жынды» дейді.
19Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: «Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді, әрі салықшылармен, күнәкарлармен дос!» деп жамандайды. Алайда даналықтың игілігі одан туындаған ізгі істермен дәлелденеді.
20Сол уақытта Иса Өзінің істеген кереметтерін көбірек көрген қалаларды күнәларына өкініп, теріс жолдан қайтпағандары үшін айыптай бастады:
21— Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді.
22Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні Тир мен Сидонның тұрғындарының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ!
23Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың! Егер сенде жасалған кереметтер ежелгі Содомда орын алған болса, сол қала күні бүгінге дейін сақталған болар еді.
24Ендеше сендерге айтамын: қиямет соты күні тіпті Содом халқының тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болмақ!
Қиналып шаршағандарға арналған қуанышты хабар!25Сол кезде Иса көктегі Әкесіне сиынып: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін.
26Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп мақтау айтты. Содан кейін Иса тағы былай деді:
27«Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар да Оны жақыннан таниды.
28Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар,
Еңселерін тым ауыр жүк басқандар,
Менің қасыма келіңдер, бәрің,
Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!
29Қамытымды бірге киісіп, үйреніңдер Өзімнен,
Өйткені жуас, кішіпейілмін шын жүректен,
Тыныштық табады сонда көңілдерің.
30Себебі ыңғайлы — қамытым Менің,
Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім».
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.