Марқа 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жақия пайғамбардың Мәсіх Исаның келуін жариялауы

1Мұнда Иса Мәсіх — Құдайдың рухани Ұлы туралы Ізгі хабардың бастамасы жайында баяндама берілген.

2Бұл жөнінде пайғамбарлардың жазбаларында Құдайдың мына тәрізді сөздері алдын ала жазылған: Біліп ал, Мен хабаршымды алдыңнан жіберемін, ол жүретін жолыңды дайындап қояды.

3Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар! Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!

4Осы сөздерге сай, Жақия пайғамбар (Иордан алқабындағы) иен далада пайда болып, кездестірген адамдарына былай деп уағыз айтты: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Соның белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда Құдай күнәларыңды кешіреді».

5Содан бүкіл Яһудея аймағы мен Иерусалим қаласынан адамдар Жақияға ағылып келіп жатты. Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.

6Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін, әрі шегірткелерді және жабайы араның балын жеп тамақтанатын.

7Жақия былай деп те уағыз айтты: «Менен құдіретті Біреу менен кейін келе жатыр! Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын.

8Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіздім, ал Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына шомылдырады».

Құдайдың Мәсіх Исаға ризалығын білдіруі әрі Исаның сынақтан өтуі

9Сол күндері Ғалилея аймағындағы Назарет қаласынан Иса осы жерге келді. Жақия Оны Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.

10Иса судан шыққан бойда көктің ашылып, Киелі Рухтың көгершін сияқты Өзінің үстіне қонғанын көрді.

11Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!» — деген дауыс шықты.

12Мұнан кейін көп ұзамай Киелі Рух Исаны айдалаға баруға мәжбүрледі.

13Жабайы аңдар мекендейтін сол жерде Иса қырық күн болып, әзәзіл шайтан Оны сынақтан өткізді. Содан кейін періштелер Исаға қызмет көрсетті.Мәсіх Исаның қызметіне кірісіп, алғашқы шәкірттерін таңдап алуы

14Жақия пайғамбар тұтқындалғаннан кейін, Иса Ғалилея аймағына барды. Сонда Ол Құдайдың Ізгі хабарын жариялап былай деді:

15«Енді уақыт жетіп, Құдайдың Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды! Теріс жолдан қайтып, Құдайдың жолына түсіп, Ізгі хабарға сеніңдер!»

16Бірде Иса Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Шимонды және оның інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты.

17Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты, бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін», — деді.

18Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді.

19Иса тағы біразырақ жүргеннен кейін, Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Екеуі қайықта ауларын жамап отыр екен.

20Иса оларды да бірден Өзіне шақырды. Екеуі әкелері Зебедейді жұмысшыларымен бірге қайықта қалдырып, Исаға шәкірт болып ерді.

Мәсіх Исаның уағыз айтып, құдіретін көрсете бастауы

21Иса шәкірттерімен бірге Қапарнаум қаласына барды. Келесі демалыс күні Иса мәжілісханаға барып, жұртқа тәлім бере бастады.

22Олар Оның тәліміне таңданып, қатты қайран қалды. Себебі Иса оларға дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан келген ерекше билікпен тағылым берді.

23Сол кезде мәжілісханада жын соққан бір кісі де болды. Ол қатты дауыстап:

24— Назареттік Иса, бізде нең бар? Бізді құртуға келдің ғой! Кім екеніңді білемін: Сен Құдайдың Киелісісің! — деп айқайлады.

25Бірақ Иса жынға:

— Үніңді өшір, шық одан! — деп қатаң бұйырды.

26Сонда жын сол адамды қалшылдатып, қатты дауыспен айқай салып, денесінен шығып кетті.

27Барлық жұрт үрейлері ұшып: «Бұл немене? Не қылған жаңа ілім? Ол тіпті жындарға билікпен бұйрық беріп, олар Оған бағынады ғой!» — деп өзара сұрасып, таңғалысты.

28Тез арада Иса туралы хабар сол төңіректегі Ғалилея аймағының барлық жеріне жайылды.

29Көп ұзамай Иса мәжілісханадан шығып, Жақып, Жоханмен бірге Шимон мен Әндірдің үйіне барды.

30Шимонның қайын енесі безгекпен ауырып, төсек тартып жатыр екен. Үйдегілер бірден бұл туралы Исаға айтып берді.

31Иса әйелдің қасына барып, оны қолынан ұстап орнынан тұрғызды. Сол сәтте-ақ қызуы басылып сауығып кетті! Әйел оларды күтіп қызмет ете бастады.

32Күн батып, кеш түсе жұрт науқастар мен жын соққандардың барлығын Исаға алып келді.

33Күллі қала халқы сыртта, есік алдына жиналды.

34Иса алуан түрлі аурулармен азап шеккен талай науқастарды сауықтырып, көптеген жындарды қуып шығарды. Өзінің Мәсіх екенін жындар білгендіктен, Иса оларды сөйлетпей тастады.

35Ертеңіне таң атпай тұрып, үйден шыққан Иса оңаша бір жерге барып, мінажат етті.

36Шимон мен қасындағылар Исаны іздеп шықты.

37Оны тапқаннан кейін Оған:

— Елдің бәрі Сізді іздеп жүр, — деді.

38Ал Иса оларға:

— Жақын маңайдағы ауылдар мен қалаларға барайық! Сол жерлерде де Ізгі хабарды уағыздамақпын. Себебі Мен сол үшін осы дүниеге келдім, — деп жауап берді.

39Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында уағыз айтты, әрі адамдардың бойындағы жындарды қуып шығарды.

40Бірде алапеспен ауырған бір кісі Исаның қасына келді. Сол адам тізе бүгіп тағзым етіп Исадан:

— Егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді.

41Оған жаны ашыған Иса қолын созып, денесіне тигізді де:

— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді.

42Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды!

43Көп ұзамай Иса оны жолға шығарып, оған былай деп қатаң тапсырды:

44«Байқа, бұл туралы ешкімге де тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса пайғамбар бұйырған тазару рәсіміне арналған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады».

45Алайда әлгі адам сол жерден шығысымен-ақ болған оқиға туралы бүкпесіз айтып, хабарды тарата бастады. Сондықтан Иса бұдан кейін қалаларға ашық түрде кіре алмай, қала сыртындағы елсіз далада тұратын болды. Ал халық Оның қасына әр жақтан ағылып келіп жатты.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help