1Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем).
2Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін!
Тірі үміт сыйлағаны үшін Құдайды дәріптеу3Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті.
4Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр.
5Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек.
6Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар!
7Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.
8Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар.
9Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар.
10Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін.
11Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты.
12Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады.
Құдайға бағышталған қасиетті өмір сүруге шақыру13Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар!
14Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер!
15Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар!
16Тауратта Оның былай дегені бар ғой: «Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!»
17Сендер әр адамды бет-жүзіне қарамай әділ соттайтын Құдайға «Әкем» деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетінде жат жерлік болып сүретін өмірлеріңді Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошынып өткізіңдер!
18Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін білесіңдер: күміс, алтын сияқты өткінші заттар емес,
19Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз «Тоқтысы» — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, баға жетпес қанын төгуімен құтқарылуларыңның құнын төледі.
20Құдай әлемді жаратпастан бұрын-ақ Мәсіхті бұл мақсатқа таңдап белгілеп еді, ал заманның аяғында Оны сендер үшін ашық көрсетті.
21Сендер Мәсіх арқылы Құдайға сендіңдер; Ол Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, ұлылыққа кенелткен еді. Сол себепті сенімдерің мен үміттерің Құдайға бағышталып келеді.
22Шынайы хабарға мойынсұнып, күнәдан тазарған сендер бауырластарыңа деген нағыз сүйіспеншілікке кенелдіңдер. Енді бір-біріңді үздіксіз, шын жүректен сүйіңдер!
23Рухани қайта туылып, жаңа өмірге иесіңдер ғой. Бұл шіріп кететін табиғи тұқым арқылы жүзеге асқан жоқ. Қайта, сендер ешқашан құрымайтын «рухани тұқым» — Құдайдың өмір беретін мәңгілік сөзін қабылдағанда, қайта туылып жаңа өмірге ие болдыңдар.
24Күллі пенде атаулы көк шөп секілді!
Бар салтанаты дала гүліндей өткінші:
Шөп сарғайып қурап, гүл солады,
25Ал Жаратқанның сөзі мәңгі қалады!
Сендерге уағыздалған Ізгі хабар — Құдайдың осы мәңгілік сөзі.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.