Забур жырлары 134 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратушының шексіз құдіреті мен рақымын дәріптеу

1Жаратқан Иені мадақтаңдар!

Жаратқан Иенің атын дәріптеңдер,

Өз қызметкерлері, Оны қастерлеңдер,

2Құдайымыздың ғибадатханасында,

Оның киелі үйінің аулаларында!

3Жаратқан Ие ізгі, Оны мадақтаңдар,

Бұл ұнамды, Оның атын әнмен даңқтаңдар!

4Өйткені Жаратқан Жақыптың әулетін таңдады,

Исраилді Өзінің меншігіне тағайындады.

5Мынаны ұқтым: Жаратқан ерен ұлы,

Иеміз бар «тәңір, пір» атаулыдан жоғары!

6Жаратқан Өзіне ұнамдысын жасайды да

Көк пен жерде, теңіз бен тұңғиықта.

7Ол көкжиектен бұлттарды көтереді,

Нөсер мен найзағайды жібереді,

«Қоймасынан» желді айдап әкеледі.

8Ол жойғызды Мысырдың тұңғыштарын,

Адамның да, малдың да тұңғыштарын,

9Перғауын мен құлдарына қарсы Тәңір

Ғажаптар көрсетті өз араңда, уа, Мысыр.

10Кейін көп халықтарды жеңіп шықты,

Күшті патшалардың көздерін құртты:

11Аморлықтардың патшасы Сиғонды,

Сондай-ақ Башанның патшасы Оқты,

Қанаханның бар патшасын да құртты.

12Олардың жерлерін мұра секілді

Өз халқы Исраилге меншікке берді.

13Атың Сенің мәңгілік, уа, Жаратқан Ие,

Сен боласың бар ұрпақтың есінде.

14Жаратқан Ие өз халқын ақтайтын болады,

Әрі қызметшілеріне рақым танытады.

15Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан,

Адамдардың қолдарымен жасалған.

16Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды,

Көздері бар, бірақ көре алмайды,

17Құлақтары бар, бірақ ести алмайды

Және ауызынан дем де шықпайды.

18Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды,

Мүсінге сенген әркім де содан аумайды.

19Уа, Исраилдің үрім-бұтағы,

Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,

Уа, Һаронның үрім-бұтағы,

Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,

20Уа, Леуінің үрім-бұтағы,

Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,

Уа, қастерлейтіндер Оны,

Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,

21Сионнан мадақтаңдар Жаратқанды,

Уа, Иерусалим, Оның жердегі тұрағы!

Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help