Ишая 39 - Киелі кітап(QazBi2010)

Бабылдықтар алдында мақтанған Езекияға Құдайдың ескертуі

1Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекия патшаның қатты ауырып қалып, сауықтырылғанын естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді.

2Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті бүкіл қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады.

3Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған:

— Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия:

— Олар маған алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. Пайғамбар:

4— Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия:

— Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді.

5Сонда Ишая Езекияға былай деді:

— Енді Әлемнің Иесінің сөзін тыңдаңыз:

6Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —

7Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! —

8Сонда Езекия Ишаяға:

— Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help