Забур жырлары 70 - Киелі кітап(QazBi2010)

Құдайдан өмір бойы қолдауын сұраған мінажат

1Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан,

Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан.

2Сен әділсің, мені босата көрші,

Құлақ түріп маған, құтқара көрші.

3Бола гөр лайым бас сауғалар панам,

Сөзіңе сай құтқаршы, құздай қорғаным!

4О, Құдайым, босатшы мені зұлымнан,

Күнәкар қанаушының қыспағынан.

5Жаратушы Тәңір Ием, үмітім Сенсің,

Жастайымнан-ақ Өзіңе сеніп келемін,

6Құрсақтан-ақ Саған сүйеніп келемін,

Туғаннан-ақ Сен қамқоршымсың менің.

Еш таусылмас Сені мадақтайтын әнім.

7Көп адамға ғажап белгі іспеттімін,

Ал Сен күш-қуатым мен қорғаушымсың.

8Өзіңді мадақтауды еш тоқтатпаймын,

Сенің көркіңді күнде жырлаймын.

9Қартайғанда маған теріс қарай көрме,

Күшім қайтқанда мені тастап кетпе.

10Жауларым маған қарсы сөз байласуда,

Жанымды аңдығандар ақылдасуда:

11«Жоқ құтқарушысы, Құдай тастап кетті,

Қуып жетіп, ұстап алайық!» деседі.

12Уа, Құдай, менен алыстап кетпеші,

Құдайым менің, көмекке тез жетші.

13Маған мін таққандар ұялып, жоқ болсын,

Қастық ойлаған олар ұятқа орансын!

14Ал мен әрдайым үмітпен күтудемін,

Барған сайын молырақ дәріптеймін,

15Сенің әділдігің және құтқаруың

Туралы мен күн ұзаққа айтудамын,

Маған көрсетіп келген жақсылықтарың

Сансыз, олардың бәрін біле алмаймын.

16Жаратушы Тәңір Ием, құдіретіңді ойлаймын,

Тек Сенің әділдігіңді жұртқа жариялаймын.

17Уа, Құдай, жастайымнан мені үйретесің,

Әлі де ғажаптарыңды паш етемін.

18Қартайып басымды қырау шалғанда,

О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма,

Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа,

Керемет істеріңді келер буындарға

Жол бере көрші маған уағыздауға.

19Әділдігің Сенің заңғар аспандай,

Ұлы істерді жасап келесің, о, Құдай,

Саған тең келер кім бар еді, уа, Құдай?

20Көп ауыр азаптар жібердің маған,

Қалпына келтіресің бірақ қайтадан

Жанымды менің, шығарып тұңғиықтан.

21Құрмет сыйлап жұбата гөр жаңадан.

22Сонда Сені жетігенмен мадақтаймын,

Сен уәдеңе беріксің, уа, Құдайым,

Исраил сиынатын Киелі Тәңірім,

Саған домбыра тартып әнімді арнаймын,

23Шаттанып Саған жырымды бағыштаймын,

Өйткені Сен мені құтқардың апаттан.

24Иә, күн сайын әділдігің жайлы айтам:

Маған қастық ойлағандар ұятқа батқан!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help