Езекиел 1 - Киелі кітап(QazBi2010)

Жаратқан Иенің Бабыл еліндегі Езекиелге көріністер көрсетуі

1Отызыншы жылдың төртінші айының бесінші күні мен Хобар өзенінің жағасына жер аударылып қоныстанған елдестеріммен бірге болдым. Сол кезде көк ашылып, Құдай маған көрсеткен көріністерді көрдім.

2Бұл, Ехониях патшаның жер аударылғаннан кейінгі бесінші жылының төртінші айының бесінші күні болатын.

3Сонда Жаратқан Ие халдейлердің еліндегі Хобар өзенінің жағасында маған, діни қызметкер Бузи ұлы Езекиелге, сөзін арнады. Сол жерде маған Жаратқан Иенің рухани құдіреті қонды.Жаратқан Иенің қасындағы төрт нөкері

4Қарасам, солтүстік жақтан бір алапат құйын келе жатыр екен. Ол найзағайы оттай жарқылдап тұрған, жан-жағынан жарқыраған нұрмен көмкерілген үлкен қалың бұлт екен. Ал оттың ортасы жылтыр қола іспетті жарқырап тұрды.

5От ішінен тіршілік иелеріне ұқсаған төрт нөкер көрінді. Олардың түр-тұрпаты адамдікіне ұқсас еді.

6Ал әр нөкердің төрт бет-әлпеті мен төрт қанаты бар болатын.

7Төрт нөкердің аяқтары түзу, ал аяқтарының басы торпақтікіне ұқсап, жылтыр қоладай жалтырап тұрды.

8Нөкерлердің төрт жағындағы әр қанатының астында бір-бірден адамның қолы болды. Әрқайсысының да төрт бет-әлпеті мен қанаты бар еді.

9Осылайша төрт нөкер еш бұрылмастан кез келген бағытқа тура жүре алды. Төртеуінің қанаттары бір-біріне тиіп тұрды.

10Нөкерлердің бет-әлпеттері мынадай болды: әрқайсысының алдыңғы бет-әлпеті адамның, оң жағындағысы арыстанның, сол жағындағысы бұқаның және артындағысы бүркіттің жүзі іспетті еді.

11Олардың бет-әлпеттері осындай болатын. Төрт нөкердің қанаттары жоғары қарай жайылып тұрды. Әр тірі тұлғаның екі қанаты жанындағы екі нөкердің қанаттарына тиіп тұрса, басқа екі қанаты оның өз денесін жауып тұрды.

12Төрт нөкердің әрқайсысы алдыңғы жағына қарай, еш бұрылмай-ақ рух қалаған бағытқа тура жүретін.

13Төрт нөкердің сырт кейпі лаулап жанып жатқан көмір шоғындай не жарқыраған алаудай еді. Осы от нөкерлердің арасында әрлі-берлі қозғалып, оттан найзағайлар жарқылдап тұрды.

14Нөкерлердің өздері де найзағайдың жарқылындай әрлі-берлі зымырап жүрді.

15Мен нөкерлерге қарағанда олардың жандарынан жерге тиіп тұрған төрт дөңгелекті көрдім. Нөкерлердің әрбіреуінің жанында бір-бір дөңгелектен болды.

16Төрт дөңгелек зүбәржат асыл тасы іспетті алтын түспен жарқылдап тұрды. Төртеуінің де сыртқы түрі мен жасалуы бірдей екен. Әр дөңгелектің ішінде өзімен қиылысқан екінші дөңгелегі болды.

17Нөкерлер қай бағытқа қозғалмасын, дөңгелектер де бұрылмай-ақ кез келген бағытқа жылжи алатын.

18Дөңгелектердің шеңберлері үлкен әрі қорқынышты болды. Төртеуі де айналдыра көздерге толы еді.

19Нөкерлер қозғалғанда, жандарындағы дөңгелектер де қозғалатын және нөкерлер жерден көтерілгенде, дөңгелектер де көтерілетін.

20Нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын. Сондықтан рух қайда бағыт алса, нөкерлер мен дөңгелектер де тұрып, солай қарай бірге жылжитын.

21Нөкерлер қозғалғанда дөңгелектер де қозғалатын, тоқтағанда, дөңгелектер де тоқтайтын, ал жоғары көтерілгенде, солармен бірге дөңгелектер де көтерілетін. Өйткені нөкерлердің рухы дөңгелектерде болатын.

22Нөкерлердің бастарының үстіңгі жағында шыныдай жалтыраған күмбез тәрізді бір әуе кеңістігі жайылып тұрды.

23Нөкерлер күмбез тәрізді кеңістіктің астында әр жағындағы бір қанатын бір-біріне созып, қалған екі қанатымен денелерін жауып тұрды.

24Нөкерлер қозғалғанда, мен қатты ағып жатқан судың гүріліндей, құдіреті шексіз Құдайдың дауысындай, әрі зор әскердің тұрағындағы ұрандаған атойдай қанаттарының сусылын естідім. Нөкерлер тоқтағанда қанаттарын түсіріп отырды.

25Ал енді, олар осылай қанаттарын түсіріп тыныш тұрған кезде, күмбез тәрізді кеңістіктің жоғарғы жағынан бір дауыс естілді.

26Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды.

27Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды.

28Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help