Таңдаулы ән 4 - Киелі кітап(QazBi2010)

Сұлулық пен ынтықтық

1(Күйеу жігіт:)

Неткен сұлу едің, сүйіктім менің!

Қандай көріктісің, қымбаттым, өзің!

Бет пердеңнің артындағы бота көзің

Тартымды-ау көзіндей көгершіннің!

Ғилақад тау беткейімен түсіп келген

Ешкі отарындай шашың төгілген.

2Тістерің отарындай саулықтардың,

Жаңа қырқып, таза жуып шығарған,

Кемістік табылмас араларынан,

Бәрі де бір-біріне дәл қиысқан.

3Ал қызыл жіп секілді еріндерің,

Қандай сұлу еді ауызың сенің!

Бет пердеңмен жабылған самайларың

Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың.

4Мойның сенің сымбатты Дәуіт патшаның

Сәулетті салынған мұнарасындай, соның

Қабырғалары әсем әшекейленген

Дәуіттің мың батырының қалқандарымен.

5Лалагүлдер арасында жайылып жүрген

Егіз елікке қос анарың ұқсас екен.

6Таң атып, көлеңке қысқара түскенше,

Мүр шайыры бар тауға көтерілейінші,

Жұпар шайыр төбесінде жүрейінші!

7Қымбаттым, сен тұтастай әдемісің,

Жоқ тұла бойыңда ешқандай мінің!

8Ливан тауынан менімен бірге келгін,

Амана шыңынан, қалыңдығым менің,

Заңғар бастарынан Хермон, Сенірдің,

Арыстан тыншып жатқан үңгірлерінен,

Барыс білдіртпей жүрген төбелерінен.

9Жүрегімді баурап алдың, қарындасым,

Бір-ақ көзқарасыңмен, уа, қалыңдығым,

Бір ғана асыл тасымен алқаңның!

10Қандай тәтті сенің махаббатың,

Уа, қымбаттым, сүйген қалыңдығым!

Ол шараптан әлдеқайда артық екен,

Хош иісің сенің артық дәмдеуіштен.

11Қалыңдығым, балдай тәтті еріндерің,

Бал мен сүттей тәтті асты тіліңнің!

Хош иісі киімдеріңнің сенің

Жұпарындай Ливандағы самырсынның.

12Уа, қымбаттым, сен жабық бақшадайсың,

Қалыңдығым, қоршалған бұлақтайсың,

Мөрленіп бекітілген қайнардайсың.

13Жемісі тәтті анар бақшасындай

Өз өскіндерің, һәм нард пен қынадай.

14Нард пен запыран, шайыр мен дәмқабықтың,

Хош иісті таңдаулы ағаштардың,

Мүр мен алоэдей дәмдеуіштердің

Жұпары аңқып тұр бақшаңнан сенің.

15Бау-бақшадағы қайнарға ұқсайсың,

Ливан тауынан ағып жатқан судайсың.

Өтініштің ләззатпен іске асуы

(Жас келін:)

16Көтерілші, самал желім, солтүстіктен,

Сондай-ақ, жылы желім, оңтүстіктен,

Өзімнің бақшама соғып келсеңші,

Жұпарларын оның тарата берсеңші!

Сүйген жарым өз бақшасына келсін,

Тәтті жемістерінен таңдап жесін!

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help