Әйүп 15 - Киелі кітап(QazBi2010)

Елипаздың Әйүптің Құдайдың әділдігіне күдіктенгенін сынауы

1Темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап берді:

2— Дана адам байыбына бармай жауап бере ме, яки жел сөзге сене ме?

3Әлде пайдасыз сөздермен айтысып, еш тиімсіз әңгімемен айналыса ма?

4Ал сен осындай сөздеріңмен Құдайды қастерлеуден бас тартсаң, Оның қасында болып, ой толғап сиынуды кемсітесің.

5Себебі өз кінәң аузыңа не айтуды нұсқайды. Алдамшының тілімен сөйлейсің.

6Сені айыптап жатқан мен емес, өз сөздерің. Өз аузыңмен өзіңді әшкерелейсің.

7Немене, сен ең алғаш болып туған адам ба едің? Құдай төбелерді жаратпай тұрып-ақ, сен қалыптастырылған ба едің?

8Құдайдың арнайы кеңесіне қатысып, тыңдап көріп пе едің? Даналық тек өз басыңда ғана бар ма?

9Біз білмей, сен өзің ғана білетін не нәрсе ол? Немесе біз түсінбейтін нені түсінесің?

10Жасы сенің әкеңнен де үлкен ақсақалдар бар арамызда.

11Құдайдың жұбатуы саған аз ба? Оның айтқан жылы сөздері саған жетіспей ме?

12Неліктен осыншама ақылыңнан адасып кеттің? Бізге несіне көзіңді аларта қарайсың?

13Неге Құдайға қарсы шығып, аузыңнан осындай сөздерді шығарасың?

14Адам пәк таза болушы ма еді? Әйелден туған пенде әділ бола ала ма?

15Құдай тіпті Өзіне бағышталған қасиетті қызметшілеріне де сенім артпайды. Аспан да Оның көз алдында таза емес.

16Ендеше жексұрын да бұзылған, жамандықты «суды сіміргендей» оңай жасайтын адам ше?

Зұлымдардың жазалануы еш шүбәсіз

17Айтатын сөзімді тыңдашы, өзім көргенді саған айтып берейін.

18Осы жайттар — даналардың айтқандары, олардың өз ата-бабаларынан естіп, жасырмай үйреткендері.

19Осы жер оларға ғана берілген болатын. Сол кезде араларынан жат жұрттықтар кезіп өтпейтін.

20Зұлым адам өмір бойы аурудан қиналып шығады. Жауыз адам қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл азап шегеді.

21Олардың құлақтарына үрейлі дауыстар естіледі. Тыныштық кезінде-ақ оларға құртушы келіп шүйіледі.

22Сондай адамның өзінің түнектен қайтатынына үміті үзілген. Оның көретіні — семсердің жүзінен болатын өлім.

23Бар жерден: «Нан қайда екен?» деп іздейді. Бірақ өзін қара түнек басатын күннің келіп қалғанын да біледі.

24Азап пен ауыртпалық зұлымды үрейлендіреді. Шайқасқа дайын тұрған патшадай сол екеуі оны басып алады.

25Себебі зұлым адам Құдайға қарсы қолын көтереді, құдіреті шексіз Аллаға қарсы өзін күштімін деп бөседі.

26Ол қалың қалқанмен қорғанғандай тоңмойындана Тәңірге қарсы жүгіріп бас салады.

27Зұлымның бетін май басып, мықынына қоң жиналған.

28Бірақ ақырында жауыз бен зұлым қаңырап бос қалған қалаларда тұрады. Олар тек қирап үйінді болған елсіз үйлерді ғана мекендей алады.

29Сондай адам жинаған байлығынан ада қалады. Дәулеті көпке бармай, жерге де тамыр жаймайды.

30Қара түнектен ол құтылмайды. Аптап ыстық оның өскіндерін оттай шарпып тастайды, Құдай жіберген дауыл оны іліп әкетеді.

31Зұлым енді түкке тұрғысыз нәрсеге сеніп, өзін-өзі алдамасын! Себебі бұнысынан ештеңе де шықпайды.

32Ол ағаш іспетті мерзімінен бұрын шабылып тасталады, бұтақтары енді қайтып көгермейді.

33Зұлым жүзім бұтасы сияқты піспеген жемісін жерге түсіріп, зәйтүн ағашы секілді гүлдерін жерге шашып тастайды.

34Өйткені арсыз зұлымдардың тобы еш жақсылық әкелмейді. Пара алғандардың мекендерін от жалмайды.

35Олар шатақ ойластырып, зұлымдық жасайды, жан дүниелерінде алдау мен арбауды дайындайды.

Blog
About Us
Message
Site Map

Who We AreWhat We EelieveWhat We Do

Terms of UsePrivacy Notice

2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.

Home
Gospel
Question
Blog
Help