1(Дәуіттің жыры.)
Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын,
2Я, Құдайым, Саған сенім артамын.
Қалдыра көрме мені масқараға,
Әрі жол берме жаудың табасына.
3Саған сүйенген ешкім қалмайды ұятқа,
Ал бекер сатып кеткендер болады масқара.
4Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр,
Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр,
5Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр.
Себебі Құтқарушы Құдайымсың Сен,
Күні бойы Саған үміт артамын мен.
6Уа, Жаратқан Ием, есіңе алшы
Өзің көрсетіп келген ежелден бері
Сарқылмас мейірімің мен рақымыңды.
7Есіңе алмашы жас күнгі күнәмді,
Кешіре гөр теріс қылықтарымды,
Ескере гөр мейіріміңе сай мені,
Уа, Ием, Сен рақымдысың өйткені.
8Жаратқан Ие ізгі де әділетті,
Сондықтан күнәкарға ақ жолды сілтейді,
9Кішіпейілді әділдікке бағыттайды,
Әрі тура жолын оған нұсқайды.
10Келісімнің ережелерін ұстанған жанды
Жаратқан рақым әрі шындықпен бастайды.
11Өз есіміңе сай, уа, Жаратқан Ие,
Кешіре гөр сондай ауыр күнәмді.
12Кім Жаратқан Иені терең қастерлейді?
Таңдайтын жолын Ол соған көрсетеді.
13Сондай адам игілікке кенеледі,
Үрім-бұтағы жерін мұра етеді.
14Иеміз Өзін қастерлейтіндерге сырын
Ашады және білдіреді Келісімін.
15Әрдайым Иеме тігемін көзімді,
Жаудың торынан Ол босатады өзімді.
16Рақыммен салсаңшы маған назарыңды,
Жападан-жалғызбын, рухым жабырқаңқы.
17Жүрегімнің қайғысы молайып келеді,
Қиыншылықтан азат етсеңші мені.
18Азап пен бейнетіме көңіл бөле гөр,
Бүкіл күнәларымды кешіре гөр.
19Жауларым қандай көп, назар сала көрші,
Жауыздықпен олар мені жек көреді.
20Құтқара гөр жанымды аман сақтап,
Ұятқа қалмайын Сені паналап,
21Адалдық пен әділдік қорғасын мені,
Өзіңе үміт артамын мен өйткені.
22Уа, Құдайымыз, Өзің Исраилді
Бар қиыншылықтан құтқара көрші.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
