1Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
2— Қашанғы жанымды қинамақсыңдар, айтқан сөздеріңмен мені езгілей бересіңдер?
3Мені он рет масқараладыңдар, маған еш ұялмай жамандық істей бересіңдер!
4Егер адасқаным шындық болса, сол қателігім менің ғана мәселем!
5Ал расында өздеріңді менен жоғары қойып, осы бейшаралығымды бетіме бассаңдар,
6онда мынаны біліп қойыңдар: мені осы мүшкіл жағдайға түсіріп, жан-жағыма торын жайған — Құдайдың Өзі!
7Мен: «Зорлық!» деп айқайласам да, ешкім жауап бермейді. Жұртты көмекке шақырамын, бірақ әділдік бәрібір жоқ.
8Өтіп кете алмауым үшін Құдай жолыма бөгет қойды. Ол жүретін соқпағымды түнекпен жауып тастады.
9Құдай мені абыройымнан жұрдай қылып, басымнан «тәжімді» сыпырып алды.
10Мені жан-жақтан қырып-жойып, үмітімді арам шөптей түп-тамырымен жұлып тастады.
11Ол маған өз қаһарын тұтатып, мені қас жауындай есептейді.
12Оның «жасақшылары» маған қарсы анталап келіп, мені құрсаулап, мекенжайымды қоршап алды.
13Құдай ағайындарымды өзімнен алыстатып, таныстарым маған жат болып кетті.
14Туған-туыстарым менен безіп, дос-жарандарым мені танудан қалды.
15Үйімде тұратын келімсектер мен қызметші қыздар мені бөтен адамдай санап шеттетеді. Олар үшін жат жұрттық кірме болып қалдым.
16Қызметшімді шақырсам, жауап бермейді, оған тіпті жалынып өтінуім қажет!
17Әйелім демімнің иісінен жеркенеді, туған бауырларыма да жексұрынмын.
18Тіпті жас балалар да мені менсінбейді, орнымнан тұрғанымда келекелейді.
19Сырлас достарымның бәрі менен жиренеді, жақсы көретін адамдарым маған қарсы шықты.
20Құр сүлдерім қалып, зорға тірі жүрмін.
21Аяңдаршы мені, аяңдаршы, достарым-ау! Мені Құдайдың Өзі ұрып-соқты.
22Неге сендер Құдайға ұқсап артымнан қуып, етіме тоймағандай өкшелеп соңымнан қалмайсыңдар?
Әйүптің Құтқарушысына артқан сенімі23Менің сөздерім жазылып қалдырылса ғой! Бір кітапқа жазылса ғой!
24Сөздерім темір қаламмен тас бетіне қашалып, қорғасынмен толтырылып, осылайша мәңгілікке жазылса ғой!
25Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады!
26Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын!
27Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр!
28Ал өздерің: «Оны қудалап көрейік, мәселенің түп-тамыры оның өзінде ғой!» дейсіңдер.
29Бірақ сендер Соттаушының семсерінен қорқыңдар! Себебі Оның қаһары бастарыңа семсерді төндірмек. Сонда сендер соттың бар екеніне көз жеткізесіңдер.
Who We AreWhat We EelieveWhat We Do
2025 by iamachristian.org,Inc All rights reserved.
